БАҚ: Cауд Арабиясы EXPO көрмесі мен футболдан әлем чемпионатына дейін алкогольге тыйымды босаңсытпақ

Сауд Арабиясы 2026 жылдан бастап алкоголь өнімдерін шектеулі түрде сатуға және тұтынуға рұқсат бермек деп жазды үндістандық The Economic Times газеті. Бұл – осы елде 2030 жылы өтетін Дүниежүзілік EXPO көрмесіне және 2034 жылы болатын футболдан әлем чемпионатына дайындықтың бір бөлігі деп хабарлады басылым.

Газеттің жазуынша, тек арнайы белгіленген аймақтарда алкоголь сатуға рұқсат етілмек – бүкіл ел бойынша ондай 600 сауда орны, негізінен қонақүйлерде, курорттарда және туристерге арналған аймақтарда болмақ. Тек тиісті лицензиясы, арнайы оқытылған қызметкерлері бар мекемелерде сыра, шарап және сидр сатуға рұқсат етілмек. Ал күші одан жоғары алкоголь ішімдіктерін сатуға бәз баяғысынша рұқсат жоқ, сондай-ақ жеке тұлғаларға алкоголь ішімдігін дайындауға салынған тыйым да сол қалпы күшінде.

Алкоголь ішімдіктеріне байланысты саясаттағы бұл өзгерістер Сауд Арабиясының "Vision 2030" экономикалық даму бағдарламасының бір бөлігі саналады. Атап айтқанда, бағдарлама туризм саласын кеңейтуді көздейді. Билік өкілдері бұл өзгерістер жаңадан жұмыс орындарын ашуға және шетелдік инвестиция тартуға септеседі деп есептейді.

1952 жылы Сауд Арабиясында алкоголь ішімдіктерін тұтынуға тыйым салынған, ол содан бері әлі күнге дейін күшінде. Бұл ел әлемде алкогольге қатаң тыйым салған мемлекеттердің бірі.