Газа секторы аумағына Израиль жасаған әуе шабуылдары салдарынан кемінде 30 адам қаза тапқан. Мұндай деректі палестиналық ХАМАС тобына (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) бағынышты Газа денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазды Reuters агенттігі.
Мәліметтерге сәйкес, Газа секторының солтүстігіндегі Джабалия қаласында жергілікті журналистің үйіне жасалған шабуылдан ол адам отбасының бірнеше мүшесімен қоса мерт болған. Ал Нусейрат қаласында құтқару қызметінің жоғары лауазымды қызметкері мен оның әйелі қаза тапқан – шабуыл олар үйінде болған кезде жасалған.
ХАМАС бақылауындағы Газа үкіметінің баспасөз қызметі 2023 жылдың қазан айынан бері 220 палестиналық журналист қаза тапқан деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль Хан-Юнисте тоғыз бала қаза тапқан деген деректі тексеріп жатырИзраиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) жексенбі, 25 мамыр күні Бас штаб бастығы Эяль Замирдің Хан-Юнис қаласындағы әскерге барғанын хабарлады. Ол сарбаздарға: "Бұл соғыс мәңгілік емес", – деп мәлімдеген. Оның айтуынша, ХАМАС өз активтерінің басым бөлігінен айырылған.
"Біз тұтқындарды үйіне қайтару, ХАМАС пен оның билігін жою үшін қолымыздағы барлық құралды пайдаланатын боламыз", – деген Эяль Замир.
ЦАХАЛ хабарламасында жексенбі күні Газа секторына жасалған шабуылдар жөнінде ештеңе айтпаған.
Газа секторындағы әскери іс-қимылдар 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасағаннан бері (арасында аз ғана үзілістер болды) жалғасып жатыр. ХАМАС бастаған шабуыл салдарынан шамамен 1200 адам қаза тауып, 250-ге жуық адам тұтқынға түскен. Осы шабуылға қарымта ретінде Израиль ауқымды әскери операция бастаған. ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі сол уақыттан бері 53 900-ден астам адам қаза тапқан деген дерек келтіреді (мұны тәуелсіз дереккөздерден нақтылау мүмкін болмай отыр). Оған қоса, ХАМАС-тың бірқатар жоғары лауазымды жетекшісі өлтіріліп, әскери инфрақұрылымының бір бөлігі жойылған. Қарулы қақтығыстар салдарынан Газа секторы аумағындағы ғимараттардың 60 пайыздан астамы қираған.