Адвокат: Мансур Мовлаев саяси себеппен қуғындалып жатқанына дәлеліміз бар

Мансур Мовлаев

Қазіргі кезде Алматының тергеу абақтысында қамауда отырған Шешенстан азаматы Мансур Мовлаевты Ресей билігі саяси себептермен қуғындап отыр деді оның адвокаты Мұрат Адам Азаттыққа.

Ресей билігі іздеу жариялаған Мансур Мовлаевты мамыр айының ортасында Алматыда полиция ұстап, тергеу сотының шешімімен ол 40 күнге қамауға алынған. Полиция Мовлаевтың ісі бойынша түсініктеме берген жоқ. Тергеу соты кезінде оны қорғаушылар егер Мовлаев Шешенстанға экстрадицияланса, оның өміріне қауіп төнетінін алға тартқан.

Қазақстан өзі ратификациялаған халықаралық құжаттардың – Босқындар мәртебесі туралы Конвенция, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт пен БҰҰ қабылдаған Адам құқықтары мен бостандықтарының жалпыға ортақ декларациясының талаптары бойынша, пана іздеуші тұлғаны басқа елге экстрадициялаудан бас тартуға міндетті.

Адвокат Мұрат Адамның айтуынша, қамауда отырған Мовлаев Қазақстаннан өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған. Қазақстан билігі Мансур Мовлаевты пана іздеуші тұлға ретінде тіркеп, тиісті куәлік берген.

– Бұл куәлік Мансурға босқын құқығы берілді дегенді білдірмейді, бұл тек бастапқы кезең, яғни оның мәселесі әлі босқындар мәселесі жөніндегі комиссия тыңдауында қаралып, талқыланады, – деді адвокат.

Құқық қорғаушылар Мовлаевқа босқын мәртебесін алуға қажет барлық тиісті құжаттарды жинастырғанын айтты. Алдағы уақытта Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанындағы уәкілетті орган босқындар ісі жөніндегі комиссия отырысын өткізеді. Мемлекеттік орган тыңдау өтетін уақытты алдын ала хабарлауға тиіс деді Адам Мұрат.

– Тыңдауға қазіргі кезде тергеу изоляторында отырған Мансурдың өзі де тікелей қатысуға тиіс. Әдетте қамауда отырғандарды тыңдауға онлайн қатыстырады, бұл жолы да сөйтуі мүмкін. Біз жинаған құжаттарда Мансур Мовлаевтың саяси себептермен қуғын-сүргінге ұшырағаны нақты дәлелденген. Бізде ондай деректер бар және оларды заңды түрде негіздеп бере аламыз, – деді адвокат Мұрат Адам.

"Кавказ.Реалии" сайтының дерегінше, Мансур Мовлаев 2018 жылы Ресей құрамындағы Шешенстан республикасын электрмен қамтамасыз ететін "Шешенэнерго" компаниясында инженер болып істеген. Кей ақпарат құралдары мен шешен оппозиционерлерінің жазуынша, 2020 жылы Мовлаев "республика билігін сынағаны үшін" үш жылға түрмеге кесілген. Алайда ол нақты қандай баппен сотталғаны белгісіз. Редакция журналистері сот сайтынан ол жөніндегі сот үкімін таба алмаған.

2022 жылы қамаудан шартты түрде босап шыққан Мовлаевты сол жылы тамызда шешен полициясы қайта ұстап, құпия түрмелердің біріне қамаған деп айтылады. Мовлаев ол жақтан қашып кетіп, Қырғызстанға жеткен. Ресейде оған экстремизм бабы бойынша іздеу жарияланған деп айтылады. Мовлаев былтыр Ресейге экстрадициялау қаупі төнгенін айтып, Қырғызстаннан кеткен.