АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп жазды Wall Street Journal басылымы Трамптың төңірегіндегі дереккөздерге сүйеніп.
Басылымның мәліметінше, талқыланып жатқан шаралар арасында Ресейдің банк секторына қосымша санкциялар салу қарастырылмаған. Жаңа санкциялардың мақсаты – Ресей президенті Владимир Путинді ымыраға келуге, соның ішінде АҚШ президенті талап етіп отырғандай, атысты отыз күнге тоқтатуға келісуге мәжбүрлеу. Жаңа санкциялар бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, Дональд Трамп бұл идеядан бас тартуы да мүмкін.
25 мамыр күні президент Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу мүмкіндігін сөзсіз қарастыратынын мәлімдеп, Ресей президенті Владимир Путинді сынға алған. Ол Ресей басшысының әрекетін түсінбейтінін айтты.
"Біз келіссөз жүргізіп жатқан шақта, ол Киев пен басқа қалаларға зымыранмен шабуыл жасады. Бұл маған мүлде ұнамайды", – деді АҚШ президенті. Ол мұны Ресей әскері Украина қалаларын жаппай атқылағаны жайлы ақпарат тарағаннан кейін айтты.
Wall Street Journal басылымының жазуынша, бірнеше апта бойы Трамп Путинге атысты тоқтатудан бас тартқаны үшін қысымды күшейту қажеттігі жөніндегі үндеулерге құлақ аспай келген. Америкалық ресми тұлғалардың айтуынша, Трамптың басты уәждерінің бірі – ол Путинді жақсы танитынына сенімді болған. Сондықтан ол Ресей басшысы маған жасаған жақсылығы ретінде соғысты тоқтатуға келіседі деп ойлаған. Алайда өткен аптада Путинге телефон шалып, екеуі екі сағаттан артық сөйлескеннен кейін АҚШ президентінің пікірі өзгере бастаған. Сол жолғы әңгіме барысында Путин Украинамен бітімге келуге дайын емес екенін аңғартқан.
Сонымен қатар, АҚШ конгресінің сенатында Трамптың одақтасы, республикашыл сенатор Линдси Грэм мен демократ сенатор Ричард Блументаль ұсынған заң жобасы қаралып жатыр. Бұл жоба Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуды және Ресейден мұнай, газ және уран сатып алған елдерден келетін өнімдерге жоғары кедендік баж салығын енгізуді көздейді. Сенат мүшелерінің басым көпшілігі бұл бастамаға қолдау білдіріп отыр.