АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинді "мүлде есінен адасты" деп сынға алды. Ресей армиясы бірнеше күн қатарынан Украинаға дронмен және зымыранмен жаппай шабуыл жасағаннан кейін Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде әлгіндей пост жазды.
"Ресейлік Владимир Путинмен әрдайым өте жақсы қарым-қатынаста болған едік, бірақ оған бірдеңе болды. Ол мүлде есінен адасты! Көп адамды еш қажетсіз өлтіріп жатыр, мен әскер ғана туралы айтып отырған жоқпын. Зымырандар мен дрондарды себепсізден-себепсіз Украина қалаларына ұшырып жатыр", – деп жазды Трамп.
Ол Путин күллі Украинаны иемденгісі келетінін, бірақ оның аяғы Ресейді жақсылыққа апармайтынын ескертті.
"Ол Украинаны тек бір бөлігін емес, тұтас алғысы келетінін үнемі айтып келдім және ол шындық болып шығуы мүмкін, бірақ егер ол мұны іске асырса, бұл Ресейдің күйреуіне әкеледі", – деп мәлімдеді Трамп.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дональд Трамп пен Владимир Путин екі сағаттан артық сөйлестіТрамп Украина президенті Владимир Зеленскийді де сынға алды. Оның пікірінше, Зеленскийдің сөздері елге зиян болып отыр. Алайда нақты қандай сөздер екенін Трамп нақтыламады.
"Тура сол сияқты, президент Зеленский де не болса соны айтып, өз еліне еш пайда тигізіп жатқан жоқ. Оның аузынан шыққан әр сөзі мәселе туындатады, маған онысы ұнамайды және оны доғарғаны жөн болар еді", – деді Трамп.
Бұған қоса ол "егер мен президент болғанымда, Украинадағы соғыс мүлде басталмас еді" деп, осыған дейін де бірнеше рет айтқан сөзін тағы қайталады. Бұдан бөлек, Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғыстан өзін аулақ ұстауға тырысып, бұл соғыстың оған қатысы жоғын айтты. Бұрын, АҚШ президенті болып екінші мерзімге сайланғанға дейін Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты бірнеше күн ішінде тоқтатуға уәде берген.
"Бұл – Трамптың емес, Зеленскийдің, Путиннің және Байденнің соғысы. Мен тек өрескел біліксіздік пен өшпенділік кесірінен тұтанған ірі әрі жексұрын өртті сөндіруге көмектесіп жатырмын", – деп жазды АҚШ президенті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Украинаға түнде тағы соққы жасады. 10-нан астам адам қаза болдыБұған дейін Трамптың арнайы өкілі Кит Келлог кейінгі күндері Ресей армиясының Украинаға жасаған жаппай шабуылдарына байланысты пікір білдіріп, оларды "масқара әрекет" деп атаған.
"Бұл – Киев. Әйелдер мен балаларды түнде өз үйінде мақсатсыз өлтіру – бейбіт тұрғындарды қорғауға бағытталған 1977 жылғы Женева бейбіт хаттамаларын көпе-көрнеу бұзуға жатады. Бұл шабуылдар – масқара қылық. Адам өлтіруді тоқтатыңдар. Атысты дереу доғарыңдар", – деп жазды Келлог.
Украина әуе күштері қолбасшылығының хабарлауынша, 25 мамырға қараған түні Ресей Украинаны нысана етіп, кемінде 69 зымыран мен 298 дрон ұшырған. Олардың 45 зымыраны мен 266 дронын Украина күштері атып түсірген. Кейінгі мәліметтер бойынша, осы шабуылдардың салдарынан Украинада 12 адам қаза тауып, 50-ден аста адам жараланған.
Ресейдің Киев облысына жасаған жаппай шабуылы салдарынан төрт адам өлген, тағы 16 адам жараланған, олардың арасында үш бала бар. Киев қаласында 11 адам жараланып, бизнес орталығы мен жатақхана бүлінген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп еуропалықтарға "Путин соғысты тоқтатқысы жоқ" деген - WSJ