Politico: АҚШ студенттік виза алу кезіндегі сұхбаттасуды тоқтатады

Дональд Трамп әкімшілігі студенттік виза алу кезіндегі жаңа сұхбаттасуларды тоқтатуға бұйрық берді. Әкімшілік виза алушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларын тексеруді кеңейтуді қарастырып жатыр деп жазды құжатқа сүйенген Politico басылымы. Аталған дипломатиялық депешаны АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ-тың әлем елдеріндегі елшіліктеріне таратқан.

Дегенмен әлеуметтік желіні тексеру қандай мақсатта жүргізілетіні белгісіз. Politico-ның жазуынша, егер Трамп әкімшілігі аталған жоспарды жүзеге асырса, бұл студенттік визаларды қарастыру мерзімін бәсеңдетуі мүмкін және қаржылай жағынан шетел студенттеріне тәуелді көп университетке әсер етуі ықтимал.

Әкімшілік бұған дейін де әлеуметтік желіні тексеру бойынша белгілі бір талаптарды енгізген. Алайда ол көбіне Израильдің Газа секторындағы әрекетке қарсы наразылық шараларына қатысқан АҚШ-қа оралған студенттерге қатысты болған.

Әкімшілік сонымен бірге Гарвард сияқты ірі элиталық университеттерге бақылауды күшейту қадамдарын қарастырып жатыр. Трамп әкімшілігінің пікірінше, олар "тым еркінсіп", өзінің кампустарында антисемитизмге жол береді. Бұған қоса, көші-қонды бақылау шаралары да күшейген, оның аясында кейбір шетел студенттері ұсталған.