Ресей президенті Владимир Путин, Ресей нарығынан кететінін мәлімдесе де, осы елден әлі де табыс тауып жатқан шетелдік IT-компанияларды "тұншықтыруға" шақырды.
"Оларды тұншықтыру керек. ... Мұны еш қымсынбастан айтып отырмын, себебі олар бізді тұншықтырғысы келеді, біз де солай жауап қатуымыз керек. Бар болғаны сол. Біз ешкімді қуған жоқпыз, ешкімге кедергі келтірген жоқпыз, керісінше, оларға нарығымызда жұмыс істеуге барынша қолайлы жағдай жасадық. Ал олар бізді тұншықтырмақшы. Бізден де дәл сондай жауап болу керек", – деді Путин 26 мамыр күні Кремльде кәсіпкерлермен кездесуде.
Путин мұны Iva Technologies компаниясының бас директоры Станислав Иодковскийдің сөзін бөліп жіберіп айтты. Иодковский өз сөзінде Ресейден кеткен, бірақ әлі күнге дейін жұртқа қызметін ұсынып отырған Zoom мен Microsoft сынды сервистердің жұмысын "аз-мұз шектеуді" сұраған еді.
"Мысал келтірейін: кейбір сарапшылардың болжамынша, Ресейде осы сервистердің әлі де жұмыс істеп жатқанының салдарынан бұл сала миллиардтаған шығын шегеді", – деді Иодковский.
Путин ресейліктердің Батыстың бағдарламалары мен сервистеріне "байлануын" "зиян әдетке" теңеп, Ресейдегі қолданушыларды ондайдан арылтуды талап етті.
Бұған қоса, Путин шетелдік маркетплейстерге де назар аудару қажеттігін айтты. Бұл платформалар Ресейге "не болса соны, кез келген мөлшерде" жеткізе алады деді ол. Путиннің сөзінше, ресейлік өнімдердің орнына шеттен әкелінген құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік беретін "айла-амалдар" жойылмайынша, Ресейде "өзіміздің дымымыз болмайды".
Ол сондай-ақ Ресей нарығынан кеткен "Макдональдс" мейрамханалар желісінің орнына ашылған "Вкусно – и точка" дәмханалар желісіне баруға уәде берді. Егер "Макдональдс" қайта оралғысы келсе, Ресей оны "қызыл кілем төсеп" қарсы алмайды деді Путин.