Қарағандыда “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыпталған төрт белсенді аштық жариялады. Мұны аты-жөнін атаудан бас тартқан қамалған белсенділердің бірінің әйелі Азаттыққа хабарлады.
“Мен мұны сол қамау орнынан шыққан адамдардан естідім. Бірақ олар кейін өздерінің телефондарын бұғаттап тастады. Бізге шағын қағаз беріп жіберді. Онда Ерлан Кенешбаевтың құрғақ аштық, қалған үшеуі сулы аштық жариялағаны жазылған” деді ол.
Белсенділер сот қаулысымен келіспей отыр.
Қарағандының Шахтинск ауданындағы қамау орнының бастығы өзін Дусжанов деп таныстырған адам белсенділердің сот қаулысымен келіспей отырғанын растады, бірақ аштық жариялау жөнінде ешқандай арыз түспегенін айтты.
“Олардың барлығы су, шәй ішіп отыр. Камерада видеосы бар. Аштық жариялайтыны жөнінде ешқандай өтініш түсірген жоқ. Бірақ қаулымен келіспейді. Бізде мұнда фельдшерлер бар, олар қарайды. Егер адам қатты сырқаттанса, бірден жедел жәрдем шақырылады” деді ол.
23 мамырда Қарағандыда елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге арналған құрылтай өтуі керек болған еді. Осы шара қарсаңында бірнеше белсендінің ұсталғаны белгілі болды. Қарағандыда ұсталғандардың арасында қызылордалық Мұратбай Баймағамбетов, семейлік Ерлан Кенешбаев та бар.
Ерлан Кенешбаев өткен аптада Азаттыққа аталған құрылтайда саяси тұтқындарды босату, Қытаймен визасыз режимді алып тастау, жер қойнауын қазуды тоқтату сияқты түрлі талаптарды талқыламақ болғанын айтқан еді. Алайда шара қарсаңында бірнеше белсенді ұсталып, жоспарланған шара өтпей қалған. Оның сөзінше, бұған дейін осыған ұқсас құрылтай Шымкент пен Қызылордада өткен.
Өткен аптада Азаттық бірнеше қарағандылық белсенділік әкімшілік қамауға алынғанын жазған.