Qaznews24 паблигінің бұрынғы авторы Темірлан Еңсебектің үкімі өзгеріссіз қалды

Темірлан Еңсебек бірінші инстанциядағы сот отырысында. 9 сәуір, 2025 жыл.

27 мамырда Алматы қалалық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің бұрынғы авторы Темірлан Еңсебектің апелляциялық шағымын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде Азаттық Азия хабарлады.

Сот отырысы онлайн WhatsApp арқылы өтті. Қорғау жағы сотты офлайн өткізу туралы өтініш берді, алайда өтініш орындалмады.

27 мамырда прокурор сот үкімін 5 жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салу туралы пунктпен толықтыруды өтінді. Ол үкімнің қалған бөлігін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Ал адвокат Жанар Балғабаева “бірінші инстанциядағы сотта кеткен қателіктерге” назар аударды.

“Қылмыстық істі сот процесінде үш күн ішінде қарағанын алғаш рет көрдім. Куәларды сұрау, соңғы сөз бен үкім бір күнде болды. Бізге айғақтарды беруге уақыт берілген жоқ. Судья сот төрелігін жүзеге асыруда тәуелсіз болмады, заңсыз және негізсіз шешім шығарды” деді Жанар Балғабаева.

Биыл 11 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық соты Темірлан Еңсебектің бостандығын бес жылға шектеп, қоғамдық-саяси қызметпен де айналысуға тыйым салған. Оны “араздық қоздыру” бабы бойынша кінәлі деп таныды.

Айыптау тарабының айтуынша, Темірлан Еңсебек "адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмысты қасақана жасаған". Прокурордың сөзінше, Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы қаңтарда өзі жүргізетін пабликте "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялаған. Еңсебек "Йоу, орыстар" деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан.

Ал Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Ол үкімді “тым қатаң” деп бағалаған. Ол сот кезінде жазбасы орыс этносына қарсы бағытталмағанын, даулы "Йоу, орыстар" әні Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсылық ретінде соғыстан кейін танымал болып кеткенін айтты. "Менің жақсы көретін қызым мен достарым – орыстар, оларды қалай жек көруім мүмкін?" деді ол.

Апелляция кезінде Темірлан Еңсебек істің саясиланғанын айтып, өзін ақтауды сұрады.