Ресей әскері Балтық теңізінде мұнай таситын танкерлерге еріп жүретінді шығарды. Ол танкерлер, болжам бойынша, тасадағы флотқа тиесілі болуы мүмкін. Финляндияның қорғаныс министрі Антти Хяккянен Yle телеарнасына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, танкерлер Фин шығанағынан өткен кезде әскери кемелер қоса еріп жүреді. Ол операцияға қандай кемелер қатысып жатқаны нақты айтылмаған. Хельсинки әлгі кемелердің танкерлерге бұлайша еріп жүруін қауіп деп қарастырмайтынын мәлімдеді.
Теңізде танкерлермен бірге жүру Финляндия мен Эстонияның шекара қызметкерлері "тасадағы флотқа тиесілі" делінетін танкерлерді ұстағаннан кейін басталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ FT: Ресей мұнай шектеулерін айналып өту үшін "көлеңкелі флот" жасақтайдыЕуропа одағы елдері ескірген танкерлердің Ресей мұнайын тасымалдауы аймақ экологиясына қатер төндіруі мүмкін екенін айтып отыр. Оған қоса, Еуроодақ енгізген санкцияларға сәйкес, әлгіндей кемелер мұнайды белгіленген шекті межеден асатын бағамен тасымалдаған жағдайда оларға сақтандыру қызметін көрсетуге тыйым салынады.
Дүйсенбі күні Финляндияның сыртқы істер министрлігі Ресейдің елшісі Павел Кузнецовты шақыртып, оған 23 мамыр күні екі ресейлік әскери ұшақ елдің әуе кеңістігін бұзған деген болжамға байланысты нота тапсырды, деп хабарлады Yle телеарнасы.
СІМ өкілдері Ресей елшісіне Финляндия шекара бұзылған болуы мүмкін деген дерекке мән бере қарап отырғанын және бұл мәселеге байланысты ресми түсініктеме талап ететінін жеткізген.
Өткен аптада жұма күні күндіз Хельсинкидің шығысында орналасқан Порвоо коммунасы ауданында Финляндия әуе кеңістігі шекарасы бұзылған болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Оқиғаның егжей-тегжейі жарияланған жоқ. Мәскеу ол оқиға жөнінде ешқандай пікір білдірмеді.