Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан қазақстандық "әскерден қашқаны үшін" 6 жылға сотталды

Ресейдің Магнитогорск гарнизондық әскери соты "әскерден қашты" және "шекараны заңсыз кесіп өтпек болды" деп айыпталған Қазақстан азаматын 6 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде "Медиазона" жазды.

Тергеу органдарының айтуынша, ер адам 2024 жылы қыркүйекте Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған. Ақшасын алғаннан кейін мотоцикл сатып алып, Қазақстанға жақын Челябинск облысы Верненский ауданына барған. Шекараны кесіп өтпек болған кезде оны ФСБ-ның шекара басқармасының қызметкерлері ұстаған.

Сайттың жазуынша, оның аты-жөні аталмайды. Журналистер сот сайтында сол баппен сотталған бір адамның карточкасын тапты. Оның аты-жөні Сергей Соколов.

Биыл сәуірдің басында "Хочу жить" жобасы Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысқан немесе қатысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған. Онда 661 адамның аты-жөні бар. Жоба мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың аяқ шеніндегі дерек бойынша, осы тізімдегілердің кемінде 78-і тірілер санатында жоқ деп есептелген. Бұған дейін Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха журналистерге "Хочу жить" жобасы жариялаған тізімді әуелі "тексеру қажеттігін" айтқан еді.

Қазақстан заңы азаматтарға шетелдегі соғыс немесе қақтығыстарға қатысуға тыйым салады.

2024 жылдың қарашасындағы дерекке сәйкес, Украинада соғыс басталғалы бері (2022 жылғы 24 ақпаннан бастап) Қазақстанда шетелдік қақтығыстарға қатысқан 46 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда олардың нақты қаншасы Украинадағы соғысқа қатысты екені көрсетілмеген.