Германияның Ганновер қаласындағы Sparkasse банкі "Солтүстік ағын – 2" жобасының операторы Nord Stream 2 AG компаниясынан түскен төлем ақшаны елдің бұрынғы канцлері Герхард Шредердің есепшотына аударуды тоқтатқан. Мұндай ақпаратты немістің Bild басылымы жариялады.
Басылымның жазуынша, Nord Stream 2 AG компаниясы әр алты ай сайын Шредерге шамамен 200 мың еуро аударып тұрады. Бұл ақша – Шредерге Nord Stream 2 AG директорлар кеңесінің төрағасы қызметі үшін төленетін сыйақы. Шредер ол қызметті 2016 жылдан бері атқарып келеді.
Sparkasse банкі 2024 жылдың ортасынан бастап ол төлемдерді бұғаттап, ақшаны Люксембургтегі Газпромбанк филиалына кері қайтарып отырады. Банк мұндай шешім АҚШ тарапынан санкция салыну қаупі болғандықтан қабылданды деп түсіндірген. Bild атап өткендей, Шредердің өзі ешбір санкция тізіміне енбеген, ал "Солтүстік ағын – 2" жобасына қарсы АҚШ санкциялары 2022 жылы енгізілген.
Bild басылымының жазуынша, төлемдер бұғатталмай тұрып бірнеше апта бұрын Sparkasse банкі директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Белит Онай тағайындалған. Ол бұған дейін бұрынғы канцлерді бірнеше рет сынға алған еді. Онай 2022 жылы Ганновердің обер-бургомистрі қызметін атқарған кезде, экс-канцлер Шредердің Ресеймен іскерлік байланысын үзбегені үшін оны қаланың құрметті азаматы атағынан айыруды қолдаған.
Басылым дерегі бойынша, Шредер әзірге Sparkasse банкіне қарсы сотқа шағым түсірмеген.