АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф палестиналық ХАМАС радикал тобы (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) Газа секторында атысты тоқтату туралы ұсынылған шарттарға келісті деген ақпаратты жоққа шығарды.
Бұған дейін Reuters агенттігі аты-жөні аталмаған, ХАМАС тобына жақын палестиналық шенеуніктің айтқанына сүйеніп, ХАМАС Газа секторында атысты тоқтату жайлы Уиткоффтың ұсыныстарына келісім берген деп хабарлаған еді.
Reuters агенттігі сүйенген әлгі шенеуніктің сөзінше, Уиткоффтың ұсынысына сәйкес, ХАМАС 2023 жылдың 7 қазанынан бері кепілде ұстап отырған көзі тірі он израильдік тұтқынды екі кезеңде босатуға тиіс болған. Мұның қарымы ретінде Газа секторында 70 күнге атысты тоқтату режимі енгізіліп, Израиль сектордан әскерін ішінара әкетеді және Израиль түрмелеріндегі жүздеген палестиналықты босатады деген еді ол.
Ал Уиткофф болса, ХАМАС-қа атысты тоқтату жөнінде ондай ұсыныс жасамағанын мәлімдеген.
Reuters-тің хабарлауынша, Израиль өкілі бұл жоспарды қабылдауға келмейтін ұсыныс ретінде бірден жоққа шығарған және ондай жоспар Уиткоффтың шын мәнінде ұсынғандарымен сәйкес келмейтінін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ХАМАС кепілде ұстаған Идан Александерді босаттыМұның алдында, 2024 жылдың қаңтарында Израиль мен ХАМАС арасында жасалған атысты тоқтату туралы келісім биыл 18 наурызда бұзылған еді. Оған ХАМАС тобының қолында қалған барлық тұтқындарды дереу босату туралы талапты орындаудан бас тартуы себеп болды. Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) бағалауынша, қазіргі таңда ХАМАС-тың қолында кепілге алынған адамдардың шамамен 50-ге жуығы қалып отыр, олардың тек 21-і тірі деп есептеледі.
ХАМАС бұған дейін Израиль әскерін Газадан толық әкеткен жағдайда, кепілде ұстап отырған адамдарды босатып, атысты біржола тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы соғыс тек ХАМАС ұйымы толық жойылғаннан кейін ғана аяқталуы мүмкін деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль Газа секторында ірі шабуыл бастады