28 мамыр күні Қазақстан парламент мәжілісі ресейлік Челябі университетінің Қостанайдағы филиалын заңдастыруды көздейтін үкіметаралық келісімді қарады. Қазақстанда 2000 жылдан бері жұмыс істейтін бұл филиал осы күнге дейін лицензиясыз жұмыс істеген. Бұл Қазақстан студенттерін Ресейге жібермеу амалы ма, әлде Кремль ықпалымен Мәскеу саясатын жүргізу тәсілі ме?
"РЕСЕЙГЕ ОҚУҒА БАРАТЫНДАР САНЫН АЗАЙТЫ АМАЛЫ"
Қазақстанда ширек ғасырға жуық лицензиясыз жұмыс істеп келген ресейлік Челябі мемлекеттік университетінің филиалын заңдастыру жұмысы былтыр қарқын алған. 2024 жылғы қарашада Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары кезінде Қазақстан мен Ресей үкіметтері филиал жұмыс жұмысын реттейтін келісімге қол қойды.
28 мамыр күнгі отырыста мәжіліс осы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарастырған. Келісім аясында филиалдың жұмыс істеу шарттары, білім беру бағдарламасы және оқуды бақылау механизмі пысықталған.
Азаттық заң жобасын таныстырған депутат, бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетовтен бұл келісімнің маңызын сұрады.
– Біздің көршілес мемлекетте 90 мыңға жуық Қазақстан азаматтары оқыды. Одан кейін біз азаматтарымыз Қазақстанда болсын деген оймен ел университеттерін дамыту және филиалдар ашу бойынша жұмыс істеп, соның арқасында онда оқитын студент санын 60 мыңға дейін төмендеттік. Қазақстанда Аризона, Ковентри, Де Монтфорт секілді университеттердің филиалдары ашылып жатыр ғой. Осы филиалдардың жұмысының нәтижесінде қазақстандықтар Қазақстанда білім алуға мүмкіндігі болғаны, олар осында қалып біздің экономикамызға жұмыс істегені өте маңызды деп санаймын, – деді Аймағамбетов.
Қазақстан 2021 жылы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашу жобасын бастады. Сол жылдың қыркүйегінде Де Монтфорт Лестер Британ университетінің филиалы ашылды. Сосын Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беретінін хабарлады.
РЕСЕЙ УНИВЕРСИТЕТТЕРІНЕ БЕТБҰРЫС
Ал желтоқсанда Ресеймен жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге келді. Қаңтар оқиғасымен есте қалған 2022 жылдың басында елдегі барлық салада өзгеріс жасауға уәде берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындар мәселесін де қозғады. Үкіметке шетелдік университеттер филиалын ашуды тапсырған президент Батыс елдерінің білімін сынап та алды.
Сол жылы ақпанда Ресейге Владимир Путинмен кездесуге барғанда көрші елдің оқу орындарын мақтады. Ол Ресей президентіне "жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға келіскені үшін ризашылығымды білдірдім. Бұл қадам еліміздің білім беру саласын дамытуға сүбелі үлес қосады" деді. 2022 жылы ол Қазақстан жастарына шетелдік университеттерді тәмамдауға мүмкіндік беретін "Болашақ" бағдарламасын да ресейлік оқу орындарына бағыттау керек деп сөйлеген.
"Біз экономистерді, заңгерлерді, менеджерлерді көп дайындаймыз. Қазір техникалық бағыттарға ден қоюымыз керек. "Болашақ" бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, оның ішінде Ресейге, мүмкін ең алдымен Ресейге, белгілі техникалық жоғары оқу орындарына жібереміз" деді Тоқаев сол кезде.
Ол сонымен бірге Ресейде оқудың екі артықшылығы бар деген пікірін айтқан. "Біріншіден тілдік кедергі болмайды, екіншіден біз стратегиялық серіктеспіз, бірлескен кәсіпорындар бар, сондықтан Ресейде оқыған техникалық кадрлар қажет" деген еді. Қазір елде 2021 жылы басталған жоба аясында Ресейдің бірнеше білім ордасы өкілдік ашқан. Атап айтқанда, Менделеев атындағы хим-тех университеті, Губкин атындағы мұнай-газ университеті және Мәскеу инженерлік-физикалық институты.
Қазақстандық кейбір сарапшылар Ресейдің оқу орындары әлемдік рейтингіде алдыңғы орындарда емес деп сын айтқан.
Қазақстан үкіметі басқа да әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалдарын ашу бойынша жұмыс істепр жатқанын айтады.
"Өздеріңізге белгілі, президентің 2025 жылға қарай елімізде мықты шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу туралы тапсырмасы болған. Бірақ біз бесеумен тоқтамай 20-ға жуық мықты шетелдік университет Қазақстанға шақырдық. Биыл жаңа оқу жылында тағы 8 мықты филиал ашылады" деді ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек.
Жалпы Қазақстанда шетелдік 23 оқу орынының өкілдіктері бар. Олар Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Корея елдеріне тиесілі. Бұдан бөлек үкімет тағы жиырмаға жуық университетпен серіктестік орнатпақ. Қазақстан билігі бұл үрдіс жастарға озық білім алуға мүмкіндік береді әрі жергілікті оқу орындарының бәсекеге қабілетін де арттырады дейді.
2024 жылғы ЮНЕСКО дерегіне сәйкес, Қазақстан шетелде оқитын студенттер саны бойынша әлемде 9-орында. Қазір 91 мыңнан аса қазақстандық жас шетелдегі жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олардың 91 пайызы, яғни 83 мыңы Ресейге кеткен. Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Германия және Ұлыбритания сияқты елдерде оқып жүргендер де бар. Азаттыққа пікір білдірген депутаттар ресейлік оқу орындарының өкілдігі көптеп ашылғанын қолдайды.
– Қазірдің өзінде Қазақстаннан, әсіресе солтүстік аймақтардан 50-60 мың бала Ресейдің жоғарғы оқу орындарына барып түседі. Сол жақтан диплом алғысы келеді, көбі сол жақта қалып та жатыр. Әсіресе орыстар, еуропалық ұлттар, негізінен сол жолмен Қазақстаннан кетіп жатыр. Мұнымен күресудің бір жолы – сол жақсы маманды, сол жақсы білімді Қазақстанға алып келіп, осында оқыту, – деді мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
Қостанай облысында қызмет атқарып, осы өңірдегі тәжірибесіне сүйенген мәжіліс депутат Айдарбек Қожаназаров та Ресей оқу орындарының филиалы ашылғанын қолдайды.
– Мен сізге қостанайлық ретінде жауап берейін. Мысалы біз Қызылордадан, Шымкенттен қайда жібереміз балаларымызды? Алматыға, Астанаға жібереміз. Ал Қостанайда ата-аналар балаларын бұрыннан Челябіге жібереді. Сол Челябі университетін елімізге келтіріп, балаларымызды Ресейге жібермей, олардың басқа бір әсеріне түспей, өз қаласында университетке қатынап жүру басқа әсер береді, – дейді ол.
"РЕСЕЙ ДИПЛОМЫ ДҰРЫС БАҒАЛАНБАУЫ МҮМКІН"
Шетелде білім алғысы келетін жастарға кеңес берумен айналысатын сарапшы Данияр Қанқожаев ақыл сұрап келген адамдарға Ресей емес Батыс университеттерін, болмаса Оңтүстік-Шығыс Азия оқу орындарын ұсынатынын айтады.
– Ресейдің білімі нашар деп айта алмаймын, бірақ қазіргі халықаралық жағдайға байланысты кейбір жерлерде олардың дипломдарына дұрыс қарамауы мүмкін. Дипломы дұрыс бағаланбауы мүмкін. Өйткені Ресей университеттері кейбір конвенциялардан шығып қалды. Сондықтан Ресей мен Малайзия, Ресей мен Ұлыбритания немесе Ресей мен Венгрия арасында таңдау тұрса, кейінгісін таңдауды ұсынамыз. Себебі олардың дипломдары халықаралық стандартқа сай, – дейді ол.
Білім беру саласының маманы қайтсем де Ресей университетінің дипломын аламын деген адамға Қазақстандағы филиалында оқуды ұсынатынын айтады.
– Ресейдегі жағдай тұрақсыз. Соғыс үстінде отырған ел. Қалаларына кей уақытта дрон кіріп кетеді. Одан кейін идеологиясы және бар. Ол жерде төрт-бес жыл оқығаннан кейін жас азаматтарымыздың ой-санасына қандай да бір әсері болатыны белгілі, – дейді Данияр Қанқожаев Азаттыққа.
ПІКІРЛЕР