"Нұрлы" дәуірден "кемелдену" кезеңіне өту ме?
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отыз жылға жуық билігі кезінде елде оның атымен байланысты "нұрлы" атаулар мыңдап пайда болған еді.
"Нұр" сөзі самса сататын дүңгіршек пен шағын азық-түлік дүкенінен бастап билеуші партия атауына дейін кең таралды.
Жұрт арасында кәсіпорын атауына "нұр" деген сөзді қосу кәсіпке құт әкеледі, мемлекеттік органдар тексерушілерін де бір сәт кешіріммен қарауға итермелейді деп есептелетін. Бұл сөз бизнес иесінің жолын ашатын әрі тіл-көзден қорғайтын тұмар іспетті еді.
Ал Назарбаевтың өзі бұл үрдісті өз есімімен байланыстырмауды ескерткен:
"Мен алдына "нұр" сөзін қой деп ешкімге айтқан жоқпын. "Нұр" деген сөзді менің атыма жабыстыратын да ештеңесі жоқ. Нұр деген – жарық, нұр деген – сәуле. Солай емес пе? – деген бірінші президент 2014 жылы желтоқсанда.
Үш жылдан соң Астана әуежайына "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" деген атау берілді, кейін мемлекет астанасы да Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. Халықаралық ұйымдар мұны жеке басқа табыну деп сынға алды. Бірақ Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін бұл үрдіс сап тыйылды: қалаға бұрынғы атауы қайтарылды, ал бірінші президент бірқатар артықшылығынан айырылды.
Қазір атаудағы саяси реңк ауысқан – енді "Кемел" деген сөз жиі айтыла бастады. Кемел – елдің екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесінің есімі.
Бұрын Астананы "нұр" атауы жайлап алған (Нұржол бульвары, Нұрлы жол вокзалы, "Нұрсая" тұрғын үй кешені, т.с.с.) болса, енді "кемелденген" нысандар пайда болып жатыр: Kemel жекеменшік мектебі, Kemel Urpaq балабақшасы, Kemel тұрғын үй кешені және осы атаумен тіркелген бірнеше жеке меншік компания бар.
Бұл үрдіс тек Астанамен шектелмейді. Ақтөбеде Kemel Bilim мектебі ашылды. Алматыда Kemel атауымен балалар мен білім орталығы, жеке мектептер мен дүкендер бар, сондай-ақ Kemel Construction құрылыс компаниясы тіркелген. Таразда – Kemel Bolashak балабақшасы жұмыс істейді, ал Назарбаевтың ата-баба қонысы саналатын Қаскелеңде – Kemel-ui тұрғын үй кешені салынып жатыр. Бүкіл Қазақстан бойынша атауы "кемелденген" компаниялар көбейе түскен: Kemel Group KZ (өндіруші), Kemel Dan (азық-түлік өндіруші), Kemel Distribution (сауда), Kemel Education (жабдықтаушы). Көпшілігі кейінгі үш жылда пайда болған.
– Бұл – басшыға қарап бой түзейтін қоғамдағы көпшілік сананың табиғи реакциясы, – деп түсіндірді бұл құбылысты PaperLab зерттеу орталығының басшысы, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев. – Біздің саяси мәдениетімізде көшбасшыға үміт артып, соны бағдар тұту айқын білінеді. Жұрт президент кім болса, іс-кәсібі мен өндіретін нәрсесі арқылы да соған бейімделуге тырысады. Нұрсұлтан Назарбаев президент болған кезде жаппай "нұрланған" еді. Қазір соған ұқсас "кемелдену" жүріп жатқандай. Бұл біздің саяси мәдениетіміздің бір бөлігі, кейбіреулер оны бірінші басшыға жағынуға, жүйеге адал екенін көрсетуге тырысып жарамсақтану деп атайды.
Қазақ тілінде "кемеліне жеткен", "толысқан" деген мағына беретін "кемел" сөзін мемлекеттік мекемелер де, жекеменшік құрылымдар да пайдалануға қолайлы көріп жүр. Мәселен, Түркістан облысында былтыр "Бақытты шаңырақ – кемел болашақ" республикалық форумы өтті, Қарағандыда 60 жастан асқан азаматтарды жергілікті бюджет есебінен жұмыспен қамтуды көздейтін "Кемел жас" бағдарламасы іске қосылды.
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев өзін мадақтауға қарсы екенін айтып, мақтауға бой алдырмайтын "өмірлік табиғи иммунитетім бар" деп сендіруге тырысқан. Бәлкім сондықтан болар, оған жағынғысы келетіндер өзін емес, әкесін мадақтауға кіріскен.
– Мақтау мен мадақ айту анағұрлым күрделі, астарлы түрге ауысқан, бірақ одан түп негізі өзгеріп кеткен жоқ. Басшының төңірегіндегі және соған тікелей бағыныштылар оған адалдығын және белгілі бір ортада президентті пір тұтатынын паш етуге тырысады. Бұл – біздің шенеуніктер арасында бейресми болса да бұлжымай орындалатын әдеп болып қалыптасқан. Ондай мінез-құлықты авторитар жүйе жағдайында жойып жіберу қиынның қиыны. Өйткені, авторитар жүйеде билік шыңында тұрған адам – жай ғана басшы емес, сол биліктің айнасы, оның шынайы келбеті саналады, жүйе қалай болғанда да соған қарап бой түзейді. Бұл шешім қабылдауға ғана қатысты емес – мінез-құлық, сөйлеу мәнері, ойлау жүйесі, өмір салты, тіпті киім киісі мен есім-сойдың өзі де еліктеу үлгісіне айналады. Бұл құбылыс Тоқаевтың жеке болмысына емес, жалпы автократиялық билік табиғатына тән нәрсе, – деді саясаттанушы Серік Бейсембаев.
Қайта жарық көрген кітаптар мен бәйге: мерейтой жылындағы салтанат
2023 жылы Қазақстанда Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған түрлі іс-шаралар өткізілді. Алматыда жазушының шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар жазушының әдеби мұрасын жоғары бағалап, оны қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы деп атады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кемел Тоқаев атындағы аудитория ашылды. Жазушының туған жері – Үштөбеде оның құрметіне алаң атауы берілді.
Кемел Тоқаевтың шығармалары қайта басылып, бес томдық жинағы жарық көрді.
Интернетте kemel-qalamger.kz сайты ашылды. Онда жазушы жайлы материалдар бар.
"Кемел атамыз өмірінің соңына дейін мейірімді, сезімтал, қарапайым Адам болып қала білді, – деп жазды сайтта жарияланған жазбалардың бірінің авторы, Үштөбе қаласындағы Кемел Тоқаев атындағы мектептің түлегі Алексей Гончаров. – Мектепке кірген кезде портреттен тік қарап тұрған жанары дәл саған қадалғандай болып бала жүрегімізге әсер ететін. Ол көзқараста мейірім мен жылулық болатын. "Көз – жан айнасы" дейді ғой. Кемел Тоқаевтың көзінен жылылық, мейірімділік пен қарапайымдылық сезілетін".
2023 жылы өткен мерейтойлық шаралардың шарықтау шегі – Жетісу жерінде берілген асқа мың адам жиналды. Көкорай дала төсіне ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, меймандарға асты-үстіне түсіп қызмет көрсетілді. Асты ұйымдастырушылар ат бәйгесін өткізіп, озған сәйгүліктердің иелеріне жол талғамайтын қымбат автокөліктер сыйлады. Бұдан бөлек, балуан күрес, жамбы ату және тоғызқұмалақтан жарыс жеңімпаздарына да бағалы сыйлықтар тапсырылды. Той думан кешкісін мерекелік отшашумен аяқталды.
Үштөбедегі аста Қасым-Жомарт Тоқаев жұртқа төбе көрсетпеді. Салтанатты іс-шаралардың демеушісі – Кемел Тоқаев қоры болды. Қорды президенттің ұлы Тимур Тоқаев басқарады (кей деректерге сүйенсек, ол қазір өз есім-сойын Тимур Кемел деп өзгерткен).
– Жалпы алғанда, Тоқаев жұрт алдына жиі шыға бермейтінін ескерсек, жұрттың ол жайлы, жақындары туралы білгісі келетіні – қалыпты құбылыс деп ойлаймын. Біз, қоғам ретінде, оның жеке өмірі, отбасы, адами қасиеттері жайлы білетініміз аз. Сондықтан да оны танып-білуге деген сұраныс бар, – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев. – Тоқаевтың имиджін қалыптастырып жүрген мамандар да оны қарапайым халыққа жақын етіп көрсету үшін әкесінің бейнесі арқылы елдің ықыласын ояту керегін жақсы түсінеді. Кемел Тоқаев – белгілі қаламгер. Сондықтан оны белгілі бір деңгейде имидж құралы ретінде қолданып жатқан болуы да мүмкін. Қоғамда жазушыларға деген оң көзқарас бар екенін зерттеулер де көрсетіп отыр. Осындай қоғамдық көңіл күйді ескерген пиар мамандары Тоқаевтың бейнесін әке тарихы арқылы көрсетуге тырысып жатса керек, – деді сарапшы.
Мерейтой жылы іс-шаралар жазушының мұрасымен ғана шектелген жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әке туралы ой-толғау" атты кітабы араб тіліне аударылып, Эр-Риядта өткен көрмеде көпшілікке таныстырылды. Кітап түрік тіліне де аударылып, Стамбұлдағы конференцияда талқыланды. "Әке туралы ой-толғау" кітабын Тоқаев 2003 жылы, әкесі қайтыс болғаннан кейін 17 жылдан соң жазған.
"Әкем нағыз зиялы жан еді. Ешкімді сыртынан сөз қылмайтын, артық сөйлемейтін, өкпе-назын іште сақтай білетін. Мұндай мінез екінің бірінің бойынан табыла бермейтін шығар. Әкем өмірде қиын жағдайға тап болған, қысылған адамдар үшін әрдайым алаңдап, іштей уайым шегетін, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев. – Мен Кемел Тоқаевты шексіз асыра мақтаудан аулақпын. Ақырына келгенде, әкем жайлы толғанысымда ұлдың әкесіне деген құрметі, ілтипаты анық байқалатыны рас. Оның кейбір қырларын бағамдауым бәзбіреуге бейтарап емес болып көрінер. Алайда бұл – табиғи нәрсе. Балаға ата-анасын тек жақсы жағынан көру тән, ондай сезімді түсінуге де, қабылдауға да болады".
Кітап авторы әкесінің балалық шағы қиын болғанын баяндайды: қазақ халқын мәжбүрлеп ұжымдастыру салдарынан болған ашаршылық жылдары ата-бабасы Жетісудан Қырғызстанға қашқан, Кемел мен бауыры Қасым балалар үйінде тәрбиеленген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданнан ауыр жараланып оралған. Кейін жоғары оқу орнын бітіріп, совет басылымдарында жұмыс істеген, детектив жанрында повестер жазған.
Жаңа ақпараттық себеп
Кемел Тоқаевты ұлықтау мерейтой жылы аяқталған соң да жалғасты.
2024 жылы жазушының "Қастандық", "Сарғабанда болған оқиға" және "Түнде атылған оқ" повестерінің желісімен түсірілген "Түнде атылған оқ" телехикаясы көрерменге жол тартты.
Мәскеудегі баспада "Тамаша адамдар өмірі" сериясы аясында Кемел Тоқаевтың өмірбаяны жайлы кітап жарыққа шықты. Жазушының "Арнайы тапсырма" атты шығармасы әзербайжан тіліне аударылып, Бакуде өткен халықаралық кітап көрмесінде таныстырылды. Ал "Құпия із" повесі башқұрт тілінде басылып шықты.
2024 жылдың аяғына қарай Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әке туралы ой-толғау" кітабы моңғол тіліне аударылды. Ұланбатырда өткен тұсаукесер рәсіміне Қазақстаннан бір топ ғалым, ақын, жазушы және журналисттер арнайы барып, автордың еңбегін мақтап пікір айтты.
2025 жылы да президенттің әкесі назардан тыс қалмады. 17 сәуірде президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook парақшасында Кемел Тоқаевтың архивтегі бес суретін: "Майдангер жазушы Кемел Тоқаев Маңғыстауда, 1984 жыл" деген жалғыз ауыз сөз қосып жариялады.
Кейін "ҚазАқпарат" мемлекеттік агенттігі Желдібайдың посты негізінде толымды жаңалық жазып, Кемел Тоқаев жайлы анықтамалық мәліметті әлгі фотосуреттермен бірге таратты. Президенттің телерадиокешені құрамына кіретін медиа биыл көктемде Кемел Тоқаевқа арналған немесе оны еске алған бірнеше мақала жариялады.
Агенттік 9 мамырда Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей президенті Владимир Путин марқұм Кемел Тоқаев пен оның туысы Қасым Болтаев жайлы "Кемел Тоқаев пен Қасым Болтаевтың жауынгерлік жолы" атты кітапты сыйға тартқанын хабарлады. Бұл кітап қайда және кімнің бастамасымен жарық көргені, авторы кім екені айтылмады.
Сол күні "ҚазАқпарат" сайтында президенттің әкесі туралы "Кемел Тоқаев көрген соғыс" деген кең көлемді мақала шықты. Онда жазушыны Қазақстан әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы ретінде сипаттаған.
Бір аптадан кейін агенттік 1983 жылы мамырдың аяғында Қызылордада өткен қазақ совет әдебиеті күндері туралы мақала мен архивте сақталған фотоларды қоса жариялады. Қырық жылдан астам уақыт бұрын өткен шараға Жұбан Молдағалиев, Әбділдә Тәжібаев, Тахауи Ахтанов сынды он шақты ақын-жазушы қатысқан. Алайда мақала көлемінің жартысынан көбі Кемел Тоқаевқа арналды.
Қазақстаннан тыс жердегі құрмет
Кемел Тоқаев туралы шет елдерде, атап айтқанда Ресей мен Қырғызстанда да айтылып жүр.
2024 жылғы 9 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге сапармен барған кезде Ресей президенті Владимир Путин оған кезінде майдангер әкесіне берілген, қазіргі уақытта "құпия" белгісі алынған марапат құжатын табыс етті. Ресей қорғаныс министрлігінің архивінен алынған құжатта Кемел Тоқаев 1945 жылы "Совет одағының батыры" атағына ұсынылғаны, бірақ марапат берілмегені жазылған. Оның орнына Кемел Тоқаев екінші дәрежелі "Отан соғысы" орденін алған.
Мәскеуде Путиннің қолынан әкесі туралы сарғайған құжатты алып тұрған сәтте Қасым-Жомарт Тоқаев жымиып, "бұл бастама маған өте әсер етті" деп алғыс білдірді. Бұл құжатты архивтен неге дәл сол уақытта алғаны белгісіз.
Марапат құжатында былай деп жазылған:
"1945 жылғы 21 қаңтарда Польша аумағындағы Еглиевец елдімекенінің солтүстік-батысында немістер түнде біздің позицияларымызға шабуыл жасады. Автоматшылар танкілерді қорғап, қарсы шабуылға шығып, жауды тықсырып тастады. Тоқаев жолдас жау шебіне бірінші болып кіріп, бес немісті атып өлтіріп, біреуін тұтқынға алды. Тұтқынды өз бөліміне қарай әкеле жатқан кезде Тоқаевтың аяғына жарылғыш оқ тиді. Тұтқын немісті атып өлтірген Тоқаев жанына батқан жараға шыдап, аяғын өзі таңып алып, танкілер тұрған жерге оралды".
Алайда бұл мәлімет Қасым-Жомарт Тоқаев 2003 жылы жазған "Әке туралы ой-толғау" кітабындағы деректермен сәйкес келмейді. Автор кітапта ауыр жараланып, танкіден құлап түскен әкесі бірнеше сағат ес-түссіз жатқаннан кейін санитарлар оны зембілге салып әкеткенін баяндаған. Бірақ онда тұтқын неміс, автоматтан оқ жаудыру немесе жарасын өзі таңғаны туралы ештеңе жазылмаған.
"Оны жау мергені нысанаға алған. Сірә, мерген танк үстінде отырған азиялық сарбазды дүрбімен байқап қалса керек. Жарылғыш оқ тиген әкемнің оң аяғына тиген. Ол танкіден шалқалай құлап түсіп, есінен танып қалған. Жерде он сағаттай жатып, санитарлар зембілге салған кезде ғана ес жиған", – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев әкесінің соғыс кезінде жараланғаны жайлы.
Кемел Тоқаев 18 жасында, Фрунзе (қазіргі Бішкек) жаяу әскер училищесінің сержанттар курсын тәмамдаған соң майданға аттанғаны оның өмірбаянында жазылған. Ол училище орналасқан жерде қазір Бішкек қаласындағы №33 мектеп тұр. Биыл мамыр айында сол мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Мектепке қазақ жазушысының есімін беру – Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың бастамасы делінеді. Оған дейін, наурыз айында президент Тоқаев осы мектепке автобус сыйлаған. Мектепте оның "Әке туралы ой-толғау" кітабының қырғыз тіліне аударылған нұсқасы таныстырылған. Сәуір айында мектептің ауласына Қазақстаннан жеткізілген ағаштар егілді, соның бірі Кемел Тоқаевтың құрметіне аталды.
Бұрын Қырғызстанда Тоқаевқа дейін Қазақстанды басқарған Нұрсұлтан Назарбаевқа да ерекше құрмет көрсетілген болатын. 2005 жылы, Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаевтың тұсында Ыстықкөл жағалауында Назарбаевқа ескерткіш қойылған. Қоладан соғылған ескерткіш Қырғызстанда үш бірдей революция болған кезде де сол орнында тұрған. Бірақ Назарбаев қызметінен кеткен соң, ескерткіш те аяқ астынан алынды. Ресми мәлімет бойынша, ол реставрацияға жіберілген. Алайда содан бері бұрынғы тұғырына қайтқан жоқ.
ПІКІРЛЕР