30 мамырда кешке Атырау облысы Құлсары қаласында жанармай бекетінде жарылыс болып, екі адам қаза болды. 14 адам зардап шекті.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеолардың бірінде қатты жарылыс болып, ауаға жалын көтерілгені көрінеді.
Желіде төбеден түсірілген тағы бір видео жарияланды. Одан жарылыс ауқымы көрінеді.
Зардап шеккендер Жылыой ауданындағы орталық ауруханаға жеткізілген. Жедел көмек көрсету үшін Атырау қаласынан Құлсарыға қосымша мамандар мен құрылғылар жіберілгені айтылды.
"Бастапқы медициналық тексеру мен тиісті диагностикадан соң 10 науқас ауруханаға жатқызылды. Төрт адам амбулаториялық бақылауда. Қазіргі жағдайда ауыр реанимациялық науқас жоқ. Ауруханаға жатқызылған 7 науқастың жағдайы — орташа ауыр, 3 пациенттікі — тұрақты" деп хабарлады Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Атырау облысының төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, жанармай бекетінде газ-ауа қоспасы жарылып, бекет пен оған жақын орналасқан бірнеше ғимарат өртенген.
– Газ таситын көліктен резервуарға газ құйылған. Сол кезде жарылыс болған. Жарылыс салдарынан жанар-жағармай бекетінің қасындағы бір қабатты нысан мен 2 қабатты ғимарат жанып кеткені анықталды. Жалын шарпыған аумақ – 450 шаршы метр. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 60 адам, 10 техника тартылды, - деді Атырау облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Назарали Селимов. Оның сөзінен "Қазақпарат" үзінді келтіреді.
Өрт 30 мамырда кешкі сағат 20:15-те оқшауланған. Қауіпті орыннан адамдар да эвакуацияланған.
Полиция жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Жарылысқа қатысты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жедел штаб отырысын өткізгені хабарланды.
ПІКІРЛЕР