"ЖАТЫР МОЙНЫ ОБЫРЫНА ШАЛДЫҚТЫМ"
36 жастағы Гүлпари – Тәжікстанның оңтүстігіндегі ауылда тұрады. Жақында оған жатыр мойны обыры деген диагноз қойылған. Қазір ол 14, 8 және 5 жастағы үш бала тәрбиелеп отыр. Кенжесіне босанғаннан кейін гинекологқа бармапты, себебі уақытым болмады дейді. Өзін ештеңе мазаламағанын айтады. Оның үстіне ауылда қажетті дәрігер де болмаған.
"Арықтай бастадым, одан кейін аяғым ісіп кетті. Дәретімде қан пайда болды. Күйеуім Ресейде жұмыс істейді, енеме айтудан ұялдым. Кейін ауру батып, қан аға бастады. Шыдамадым. Бірден Душанбеге тексерілуге бардым. Сол жерде жатыр мойны қатерлі ісігі деген диагноз қойды. Үшінші дәрежеге өтіп кетіпті".
Гүлпари – Тәжікстанда жатыр мойны обыры диагнозы қойылатын жүздеген әйелдің бірі. Республикалық онкология орталығының мәліметінше, бұл дерт әйелдер арасында қатерлі ісік бойынша екінші орында тұр (бірінші орында – сүт безі рагы). Жыл сайын елде жатыр мойны обырына 350-дей әйел шалдығады, олардың 200-і қайтыс болады.
Орталықта жұмыс істейтін, аты-жөнін айтқысы келмеген онкогинеколог әдетте науқас әйелдерге диагноз өте кеш қойылатынын айтады.
"Көбі – ауылда тұратын, сапалы медициналық көмектен қалыс қалған әйелдер. Ауылдарда, өкінішке қарай, мамандар толық тексерудің орнына ультра дыбысты тексеріс жасап, атүсті емдейді, ал пациенттер одан соң жарты жыл, бір жыл дәрігерге қаралмайды. Ал дерт белгісі күшейген кезде Душанбеге келеді, біз үшінші-төртінші деңгей деген диагноз қоямыз", – деді дәрігер.
Маманның сөзінше, ауру асқынғанша дәрігерге қаралмау – ауылдың ғана емес, қаланың да мәселесі.
"Жақында бізге Душанбедегі медициналық мекеменің дәрігері келді. Білімі бар адам ғой, бірақ ол да жатыр мойны обырына шалдыққаны кеш анықталды. Әйел адам бұрын тексерілмеген. Бұл мәселенің тамыры тереңде екенін көрсетеді", – деді дәрігер.
АПВ ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОНКОСКРИНИНГ НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?
Адам папиллома вирусы (АПВ) – жыныстық жолмен жұғатын вирустардың бірі. АПВ ер адамдарға да қауіпті. Артқы қуыста, тікішекте, жұтқыншақта, ер адам мен әйелдің жыныс мүшесінде қатерлі ісік пайда болуына себеп болуы мүмкін. Дегенмен бұл вирус әсіресе ауырсыну рецепторлары жоқ жатыр мойны үшін қауіпті. Сондықтан вирус адам ағзасында еш белгі бермей ұзақ уақыт жүре беруі мүмкін. Алғашқы симптомдары пайда болғанға дейін ауру асқынып үлгереді.
"Жатыр мойны обыры баяу дамиды, сондықтан оны асқынбай тұрып емдеуге болады", – деді душанбелік урогинеколог Зарниссо Гафурова.
Зарниссо қатерлі ісіктің алдын алу үшін онкоскрининг өте маңызды дейді. Онкоскринингтің екі әдісі бар: сұйық цитология (ПАП-тест) және АПВ тесті. Халықаралық ұсыныс бойынша, бірінші тест әйел адам жыныстық қатынасқа түсуді бастағаннан кейін әр үш жыл сайын, АПВ тесті – әр бес жыл сайын жасалып тұруы керек.
АПВ екпесін салу қалыпты жағдайға айналған елдерде жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіші өте төмен. Ал Тәжікстанда бұл вирустың тестіне жұрттың бәрінің қолы жете бермейді. Жеке зертханаларда АПВ тесті 3 доллар, кеңейтілгені 25 доллар тұрады. Ауыл әйелдері үшін бұл – қымбат.
ЕКПЕ КӨМЕКТЕСЕДІ
Вирусты анықтап қана қоймай, оның алдын алуға мүмкіндік бар. Бұл жағынан екпе сенімді қорған болады.
"Биыл Тәжікстанда қыздарды АПВ вирусына қарсы жаппай екпе салу науқанына дайындап жатыр. Біз Екпе және иммунизация бойынша жаһандық альянсқа (GAVI) өтініш жібердік. Бұл – Тәжікстан үшін екпені 10 жасқа дейінгі қыздарды иммунизация жасау бойынша ұлттық күнтізбеге енгізуге әрі 11-14 жастағы қыздарға екпе салу науқанын қалыпқа келтіру мүмкіндігі", – деді Тәжікстанның иммунопрофилактика орталығы директорының орынбасары Мохтоб Бобохонова.
Аты-жөнін айтқысы келмеген онкогинеколог екпе науқанының сәтті болуы қоғамды қалай дайындағанға байланысты дейді.
"Біз Қазақстанда 2013 жылы болған жағдайды зерттедік. Ол кезде медициналық себепке байланысты емес, дайындық жоқтығынан шу-шұрқан болған еді. Адамдар қорқып қалды, тиісті ақпарат алмады, дәрігерлерге сенбеді. Біз мұндайға жол бермеуіміз керек", – деді тәжікстандық маман.
2013 жылы Қазақстанның Павлодар қаласында АПВ екпесінен кейін екі оқушы қыз есінен танып қалған еді. Осыдан соң елде қаңқу сөз тарап, жаппай екпе тоқтаған. Дәрігерлер температура режимі дұрыс сақталмағандықтан екпе өте суық күйінде салынып, ағзада реакция тудырғанын айтқан. Араға он жыл салып Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі екі қызды тауып, олардың дені сау екенін, балалы болғанын көрсеткен.
Қазақстанда жыл сайын 600 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады, 1900 адамға осы диагноз қойылады. 2024 жылы елде АПВ-ға қарсы екпе науқаны қайта басталып, 2025 жылдың сәуіріне дейін 154 мыңнан аса қыз балаға вакцина салынды. Екпе салынған орын қызарып, аздап қызу көтерілгені болмаса, ауыр жағдай тіркелмеген.
Қырғызстанда жыл сайын 350 әйел жатыр мойны обырына шалдығады. Бұл елде екпе науқаны 2022 жылдың қарашасынан бері жүріп жатыр.
АТА-АНА ЕКПЕ САЛДЫРУДЫ ТАҢДАСА
Орталық Азия елдерінің мектептерінде қыз балаларға АПВ екпесін салуды ұсынғанда ата-аналардың көбі екіойлы болған. Себебі сенімді ақпарат аз, ал қаңқу сөз көп. Дегенмен үрей сейіліп, екпені таңдағандар көбейді. Қазір ата-аналардың көбі қызын қатерлі дерттен қорғау үшін екпе салдырып жатыр. Бірақ кейбір отбасында күдік әлі бар.
Алматы қаласының тұрғыны Забрият Фатуллаева 11 жасар қызына АПВ екпесін салдыруға ойланбастан келіскен. Бірақ мектепте халыққа тиісті ақпарат беру науқаны жүргізілсе де қызымен бір сыныпта оқитын балалардың көбі екпе салдырмаған.
– Қызымның сыныптастарының көбі бас тартқандар тізімінде болды. Қызым уайымға салынды, мен оған қолдау танытып, бәрін байыппен түсіндірдім. Екпенің маңызын, халықаралық тәжірибені айтып, бірге барамыз дедім. Бәрі жақсы өтті. Дәрігерлер қызымды тексеріп, қызуын өлшеді. Көзімізше тоңазытқыштан екпені алып, көрсетіп, ампуланы ашты. Яғни, ереже сақталған. Бәрі ашық, анық болып, бір минутта екпені салып берді, – деді ол.
Забрият – дерматокосметолог дәрігер. Оның ұстанымы нық әрі білімге негізделген: екпе баланы ғана емес, ересектерді де қорғайды. Оның қызы екпенің алғашқы дозасын 2024 жылы қарашада, екіншісін – 2025 жылы сәуірде алған.
– АПВ – өте қауіпті вирус, көп адам оған жете мән бермейді. Бұл вирус ауыр дертке әкелуі мүмкін. Егер балаларымызды қорғауға мүмкіндік болса, неге қорғамасқа? Қазақстанға келетін екпенің бәрін ДДСҰ мақұлдаған. Демек қауіпсіз, тексерілген. Максимум – ыстық көтеріліп, екпе салынған жер ауруы мүмкін. Бірақ біз де ол да болған жоқ, – деді ол.
Өзбекстанда жылына 1600-ден аса әйелге "жатыр мойны обыры" диагнозы қойылады. Ал АПВ екпесін салу науқаны 2019 жылдан бері жүріп жатыр. Екпе науқанының басталғанына алты жылдан асса да, вакцина жайлы үрей мен миф көп. Жұрттың көбі екпе бедеулікке әкеледі деп қорқады. Бұл "қорқынышты әңгіме" ата-аналар чатын кезіп жүр. Сондықтан отбасылардың көбі қыздарына екпе салдырмай отыр. Солардың бірі – Ташкентте тұратын 38 жастағы Дильноза.
"Қызым 11 жасқа толғанда мектепте екпе салу науқаны басталды. Гинекологтармен кеңестім. Бірі салдыру керек, рактан құтқарады деді. Бірі "бір аурудан қорғаймын деп екіншісіне шалдықтырып алма" деді. Басқа ата-аналарда екпе қыздардың бала көтеруі мүмкіндігінен айыруы мүмкін деді. Осыдан соң қорқып, бас тарттық", – деді ол.
Қазір сынып жетекшісі екпе туралы жиі айтса да, Дильноза әлі келісім бермей отыр.
Ал ташкенттік 40 жастағы дәрігер-гинеколог Шахноза басқадай шешім қабылдаған. Ол алматылық Забрият сияқты 11 жастағы қызына екпе салдырған.
"Дәрігер ретінде жауапкершілікті өз мойныма алдым. Аурумен күрескеннің орнына алдын алайық деп шештім. Екпеден кейін ештеңе болған жоқ. Ата-аналарды мәжбүрлеуге болмайтынын түсінемін. Оларға қарапайым тілмен әрі байыппен түсіндіру керек. Адамзат баласы полиомиелит және қара шешек сынды ауруларды екпенің көмегімен жеңген еді. Біздің елде адамдардың көбі екпе деген сөзден қорқады", – деді Шахноза.
Жақында Бішкек тұрғыны Айгүл де 11 жастағы қызына екпе салдыру я салдырмау жайлы екі ойлы болған.
"Ақырында көп адам қыздарына АПВ қарсы екпе салдыруға келіскен. Қазір интернетте ақпарат жеткілікті. Бұрын адамдар АПВ жайлы, оның қаупі жайлы білмейтін. Қазір ақпарат жетеді. Екпенің теріс салдары болмайды деп үміттенемін. Қызыма екпе салдырғанда иығым ауырды деді, бірақ ертеңгі күні ұмытып кетті", – деді ол.
Душанбелік урогинеколог Зарниссо Гафурова АПВ-ға қарсы екпе қауіпсіз екенін, көп зерттеуден өткенін айтады. Дәрігер оны өзі де көрсетуге дайын.
"Менің кішкентай екі ұлым бар. Өскен соң оларға да екпе салдырамын. Осы арқылы оларды ғана емес, олар сүйіп қосылатын жандарды да қорғағым келеді", – деді Зарниссо.
"БАЛА КЕЗІМДЕ ЕКПЕ БОЛҒАНДА..."
Тәжікстанға Орталық Азиядағы басқа елдердің екпе науқаны тәжірибесі көмектеспек. Демек көп қыз есейгенде Гүлпари сияқты ауыр диагнозды естімейді деген үміт бар.
Қазір Гүлпаридің дерті ұзақ уақыт ем-домнан кейін ремиссияға шыққан. Ол енді уақытылы тексерілу, скрининг жасату, дәрігермен шынайы әңгіме және АПВ екпесі өте маңызды екенін біледі.
"Қазіргі қыздардың жолы болды десек те болады. Оларда екпе бар. Менің бала кезімде болғанда мұның бәрін басымнан өткермес едім. Екпе салу мүмкіндігінен бас тарту – денсаулықтан бас тарту", – деді ол.
Мақаланы жазуға Гули Хаджаева мен Болот Колбаев атсалысты.
ПІКІРЛЕР