ЖАҢАЛЫҚТАР
Құқық қорғаушы омбудсменнен изоляторда жарақаттанған белсенді жайлы сұрады

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қызылордадағы тергеу изоляторында жарақаттанып, ауруханаға түскен белсенді Мұратбай Баймағамбетовтің жағдайына байланысты Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімоваға хат жолдады.
"Оған шұғыл операция жасалды, қазір өміріне қауіп жоқ. Сізден М.Баймағамбетовпен кездесіп, не болғанын анықтауды және өзіңіздің ұстанымыңыз бен тергеу изоляторындағы төтенше жағдай жөнінде жария түрде мәлімдеме жасауыңызды сұраймыз. Оқиғаны бақылауға алуыңызды өтінеміз" делінген құқық қорғаушының Фейсбукта жарияланған жазбасында. Төреғожина бұл хабарламаны омбудсменге бағытталған ресми хат деп санауды және оған заңға сәйкес жауап беруді айтқан.
"Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бар" деп күдікке ілініп, жеті айдан бері Қызылордадағы тергеу изоляторында отырған белсенді Мұратбай Баймағамбетовтің ауруханаға түскені жайлы хабар 1 сәуірде кешке тараған. Оған операция жасалғаннан кейін дәрігерлер белсендінің жағдайы тұрақты ауыр деп хабарлаған. Оның қандай жағдаймен ауруханаға түскені белгісіз.
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльмира Әзімова Азаттыққа берген жауабында Мұратбай Баймағамбетовтің жарақаттануына қатысты ешқандай ақпарат түспегенін айтты.
– БАҚ арқылы ғана көрдім. Қараймыз, тексереміз. Қазір бұл бойынша ештеңе айта алмаймын, – деді Эльвира Әзімова.
"Экстремистік ұйымға қатысы бар" деген күдікке ілініп, жеті айдан бері қамауда отырған белсендінің ісі жөнінде ол:
– Негізінде біздің тергеуге араласуға құқығымыз жоқ. Бұл азаматтан ұсыныстар немесе хабарламалар түскен жоқ. Сондықтан тәжірибе бойынша Ұлттық привентивті механизм бар Қызылордада. Олар бүгін-ертең сол жаққа барып, тексеріп, содан кейін түсінікті болады. Сондықтан басқа ешқандай комментарий бере алмаймыз, – деді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Баймағамбетовті "саяси тұтқын" ретінде таныған. Бірақ омбудсмен ол жөнінде де "ешқандай комментарий бере алмайтынын" жеткізді.
Азаттық тілшісі 2 сәуірде таңертең Қызылорда қаласының полиция департаментіне хабарласқан кезде баспасөз қызметі оқиғаға түсініктемені кейінірек жіберетінін хабарлаған.
Басқа да жаңалықтар
Омбы соты Путинді Гитлермен салыстырған мемдерге тыйым салды

Омбы соты Ресей басшысы Владимир Путинді Адольф Гитлермен салыстыратын мемдерге тыйым салды. Сот сондай сурет жарияланған оннан астам парақшаға шектеу қойды деп жазды "Вёрстка" басылымы.
Кей жағдайда Путиннің суретіне Гитлердің мұрты мен кекілін жапсырып қойған өңделген суреттерге тыйым салынған. Тағы бір жағдайда сот "Путлер капут" деген жазуы бар суретті шектеген.
Суреттердің көбі наразылық акциялары кезінде түсірілген және ондағы жазу наразылардың қолындағы плакатта тұр. Мысалы, сот "Путлер, қорғасын бергенге дейін у ішіп ал" ("Путлер, выпей яду, пока не угостили свинцом") деген жазуы бар әйел көрінетін блогер Илия Варламовтың суретіне тыйым салған.
Бұған қоса, сот Стихи.ру сайтында жарияланған Путиннің басына тапанша тақаған суретке де шектеу қойды. Онда "Ресейді масқарадан қалай құтқару керек" ("Как спасти Россию от позора") деген жазу бар.
Суреттерге тыйым салуды Омбы прокуратурасының қызметкерлері талап еткен. Олардың пікірінше, суреттер "мемлекет пен қоғамның мүддесіне теріс әсер етіп, белгісіз топтарды террористік әрекетке, қылмысқа итермелейді".
"Важные истории": 2024 жылы әскермен келісімшартқа 407 мың адам қол қойған

2024 жылы Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа 407,2 мың адам қол қойды. "Важные истории" басылымының жазуынша, Ресейдің федералдық бюджетінің былтырғы шығыны туралы деректерді саралаған журналистер осындай қорытындыға келген.
Басылымның жазуынша, 407,2 мың адам — бұл 2024 жылы әскерге тартылғандардың ең жоғарғы көрсеткіші, ал ең аз көрсеткіш – 374,2 мың адам.
Мұндай айырмашылық 2024 жылы тамызда Ресей басшысы Владимир Путиннің келісімшартқа отырғандарға төленетін ақшаны 195 мыңнан 400 мың рубльге дейін арттыруымен байланысты. Сол себепті 2024 жылдың үшінші тоқсанында келісімшарт жасасушылардың санын есептеу қиын. 2024 жылы соңғы тоқсанда келісімшартқа орташа есеппен алғанда 1700 адам қол қойған. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе аз.
2025 жылы көктемде келісімшартқа қол қоюшылар азая берген. Немістің халықаралық қатынас және қауіпсіздік институтының ғылыми қызметкері Янис Клюгенің айтуынша, қазіргі кезде келісімшартқа күніне 1000 адам қол қояды. Дегенмен Путин жуырда бұл көрсеткіш 1800 адам екенін айтқан.
Отставка, оппозиция, журналистерді қудалау. Тоқаев "Әл-Жазираға" сұхбат берді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұхбат алған "Әл-Жазира" тілшісі елде оппозициялық партияларды тіркеу мәселесін де қозғады. Тілші сұрағында "Алға, Қазақстан" партиясының 24 рет тіркеле алмай отырғанын да атап өтіп, "осы тұста реформа қажет пе?" деп сұрады.
Тоқаев "жоқ, олай ойламаймын" деп жауап берді. Тоқаев Қазақстанда "барлық заң халықаралық стандартқа сәйкестендірілгенін" айтып, кеңес беріп жүрген адам құқығы ұйымдарының өзіне шүйлікті. Президент оларды "кім қаржыландыратынын білеміз" деп ондай ұйымдарда "ар-ұяты жоқ адамдар" істейді деді.
"Олар елдің тарихын, халықтың саяси санасын түсінгісі келмейді, тек кеңес қана береді. Барлық ел, арасында Қазақстан да бар, соқыр түрде олардың кеңестерін орындауы тиіс деп айта алмаймын. Біз бірінші кезекте өзіміздің ұлттық стратегиямызды ойлауымыз керек" деді ол.
Баспасөз қорғау ұйымдарының дерегіне сүйенген журналист Қазақстанда экстремизм бабы кейбір журналистер мен оппозиция тұлғаларына да қарсы қолданылғаны жөнінде сұрады.
Президент бұл тұста мейлі оппозиция, мейлі мемлекеттік БАҚ өкілдерінің барлығымен "тығыз байланыстамыз" деді. Бірақ нақты экстремистік бап туралы айтқан жоқ.
Тоқаев сұхбаттың соңында 2029 жылы отставкаға кететінін, себебі бұл "халықтың талабы" екенін айтты. "Кез келген елдің президенті бұл халық жалдаған менеджер, ол құдайдың хабаршысы емес" деді.
Тоқаев сұхбат кезінде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағылар қолданған артықшылықтар және оны қайтару туралы да сұрады. "Экс-президентке қатысы бар кейбір маңызды құрылымдар әзірге ірі тексерістен өткен жоқ. Бұл жөнінде не айтасыз?" деген кезде Қазақстан басшысы жымқыру болғанын растап, бұл бағытта тергеу жұмыстары жалғасып жатыр деді.
"Әрине, біздің жұмысқа сын да айтылады. Бірақ біз көп шаруаны атқардық – бәрі халық, қоғам үшін. Дегенмен біз президент Назарбаевтың тарихи рөлін мойындауымыз керек. Иә, қателіктер болды, өзіңіз айтқандай, жымқырулар болды. Біз тергеу жүргізіп жатырмыз және бұл процесс жалғасып жатыр. Бірақ бір мезетте мен Қазақстанда тәртіпсіздік ұйымдастырмаймын, себебі бұл елдегі тұрақсыздыққа әкелер еді" деді Тоқаев.
Тоқаев сұхбатта сонымен бірге мұнай экспорты, әлемдегі қақтығыстар, Қазақстанның сыртқы саясаты мәселелерін де қозғады.
Қазақстан адам құқығы ахуалына қатысты жиі сыналады. Халықаралық Amnesty International ұйымы биыл сәуірдегі есебінде Қазақстандағы құқық қорғаушылар бір жыл ішінде 24 адам саяси астары бар іспен қамалғаны тіркеді деп жазған еді. Олардың арасында құқық қорғаушылар, белсенділер, блогерлер және журналистер бар.
Кейінгі кезде Қазақстан президентінің ешкімнің атын атап, түсін түстемей, оларды "адам құқығы, сөз еркіндігі деген желеумен тырнақ астынан кір іздеп, қоғамға іріткі салатындар" кейпінде сипаттауы жиілеген. Сәуір айында Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында ол "өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүр" деген. Оның сөзі қоғамда түрлі реакция туғызды., қызу талқыланған.
Назарбаев Путинмен кездесті

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті. Кремльдің хабарлауынша, кездесу 29 мамырда өткен.
Кремльдің телеграм-арнасында дыбыссыз шағын видео жарияланды. Онда Назарбаев пен Путиннің амандасып жатқаны көрінеді. Екеуінің не жөнінде сөйлескені белгісіз.
Назарбаевтың баспасөз қызметі бұл кездесу жөнінде ешқандай ақпарат таратпады.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда қызметін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып, отставкаға кеткен. Алайда ол Қанды Қаңтарға дейін өз ықпалын сақтап қалды. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев өзіне берілген көптеген артықшылықтардан айырылып, айналасындағы адамдардың кейбірі қызметінен кетіп, кейбірі сотталды.
Ақпарат құралдары Нұрсұлтан Назарбаевтың Путинмен кездескенін соңғы рет 2024 жылы желтоқсанда хабарлаған.
Назарбаев 2023 жылы жарық көрген "Менің өмірім. Бодандықтан Бостандыққа" атты мемуарында Ресей президенті Владимир Путиннің кітаптарына бірнеше рет сілтеме жасап, оның өзін "сөзге берік, достыққа адал адам" деп мақтаған. Мемуарында Назарбаев 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіргеніне Батысты айыптай сөйлеген.
Қаңтар оқиғасынан бері ықпалы әлсіреген Назарбаев Ресей басшысымен бірнеше рет кездескен.
Шерзаттың өліміне қатысты сот: судья істі прокуратураға қайтару туралы өтінішті орындамады

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жарыссөз 2 маусымда басталады. Бұл жөнінде бейсенбілік сот процесі кезінде айтылды.
Бейсенбі күні судья Ержан Жанұзақов Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі прокуратураға қайтару туралы өтінішті орындамады. Мұндай өтінішті жәбірленуші жақ түсірді.
Олардың айтуынша, қылмысты "бір топ адам жасағанмен тек бір адамға ғана адам өлтіру айыбы тағылып отыр". Сондықтан олар істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Ал мемлекеттік айыптаушылар адвокаттармен келіспеді.
"Адам өлтіру" бабы бойынша айыпталған сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты жәбірленуші жақтың өтінішін қолдады.
"Мен жәбірленуші жақтың сөзін қолдаймын. Қазір шынымен де барлығы кінәні Шынасылдың мойнына артқысы келеді. Ешкім жауап бергісі келмейді. Мүмкін, сол кезде шындыққа жететін шығармыз" деді ол.
Судья өтінішті қанағаттандырған жоқ.
Шамамен екі апта бұрын осыған ұқсас өтінішті сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың адвокаты айтқан еді. Оның сөзінше, іс материалдарында сотталушылар Нұрбол мен Азамат Тоқтаубаевты күдікті ретінде тану туралы сот қаулысы жоқ. Ал судья Ержан Жанұзақов процессуалдық құқықбұзушылық жоқ екенін айтып, өтінішті орындамаған.
Бейсенбі күні жәбірленуші жақтың адвокаттары сот процесінде Элмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелдіні де "сотта жалған куәлік бергені үшін" жауапқа тартуды ұсынды: олар қылмыс болған күні сотталушылардың жанында болғанмен куәгер танылған. Осыған ұқсас өтініштер өзге де куәгерлер Арлан Қаскенов пен Юлдаш Рузбакиевке қатысты айтылды. Судья өтінішті ашық қалдырып, бұл мәселе үкімді шығарған кезде кеңесу бөлмесінде қаралады деді.
29 мамыр күнгі сот отырысы кезінде жәбірленуші жақ сотталушылардан материалдық және моральдық өтемақы өндіру туралы да азаматтық шағым түсірді. Жәбірлеуші жақ сотталушылардан моральдық өтемақы ретінде 660 млн теңге өндіруді талап етті. Адвокаттың сөзінше, азаматтық шағымға психологиялық сараптама негіз болған.
Сот жәбірленушілерді азаматтық талап қоюшылар деп таныды.
Қоғамда резонанс тудырған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот сәуір басында басталған. Істе 9 айыпталушы бар. Арасында кәмелетке толмаған бір жасөспірім де бар. Абзал Шынасылдан басқа сотталушыларға негізінен "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған. Сот Талдықорғанда өтіп жатыр. Ол онлайн трансляция арқылы аптаның сәрсенбі-бейсенбі күндері көрсетіліп жүр.
Алатау қаласында арнайы крипто-аймақ құрылуы мүмкін

Алматы маңындағы бұрынғы Жетіген ауылы – қазіргі Алатау қаласында жаңа крипто-аймақ құрылуы мүмкін. Ондағы халық дәмхана, мейрамхана және өзге де орындарда криптовалютамен есеп айырысатын болады. Бейсенбі күні цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Astana International forum кулуарында осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, дегенмен әуелі ол үшін заңнамалық түзетулер қажет.
"Қазір үкімет реттеуші органдармен бірге тиісті орынды таңдау үшін белгілі бір жұмыстарды жүргізеді. Әрине, жаңа Алатау қаласы – CryptoCity үшін ыңғайлы орын" деді Мәдиев. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.
Министрдің сөзінше, бұл "блокчейн индустриясы үшін жақсы серпіліске" айналып, осы салаға ІТ мамандарды тартуы мүмкін.
Ол сонымен бірге ол үшін тиісті нормативтік-құқықтық акт әзірлеу қажеттігін де алға тартты.
"Қала дамып жатыр. Бізге сол үшін реттейтін шарттар керек. CryptoCity-де криптовалютаның еркін айналымы керек, криптоға жайлы заңнама қажет. Онда крипто төлем құралы болады. Осы шарттарды заңнамаға жазу керек" деді Мәдиев.
29 мамырда ертерек Астана халықаралық форумында сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда CryptoCity пилоттық аймағы құрылатынын, онда тауар мен қызмет көрсетуде криптовалюта қолданылатынын айтқан еді.
Былтыр қаңтарда президент Тоқаев 25 мың халқы бар Жетіген ауылын қайта құру туралы жарлыққа қол қойып, елді мекен Алатау қаласына айналып, оған көрші жатқан Еңбек, Құйған, Жаңа арна ауылдары қосылған еді. Бұл ауылдарда жалпы саны 50 мыңға тарта адам тұрады.
"Курсив Медиа" басылымының мәліметінше, 2023 жылы криптовалютаға қаржы салған қазақстандықтар саны 1,5 миллионға жеткен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Олардың меншігіндегі криптовалюта құны бірнеше миллиард долларға жеткен. Әлемде сұраныс артқан сайын криптовалюта айырбастаушылар да көбейген.
Дегенмен елде оның заңды негізі мен реттеу тетіктері толық айқындалмаған. Бұған дейін Азаттық елде лицензиясы жоқ платформалар бұғатталуға тиіс болса да, Binance және Bybit биржаларының жаһандық құралдары әлі оңай ашылып тұрғанын жазған.
БАҚ: Ақтауда порт басшысы ұсталды

Қазақстанның батысында "Ақтау теңіз сауда порты" ұлттық компаниясының президенті ұсталды деп жазды дереккөзге сүйенген "Қазақпарат". Порт басшысы қазір тергеу изоляторында отыр. Сайт жаңалығында бұдан басқа мәлімет айтылмайды.
Порттың баспасөз қызметі әзірге жауап бермеді. Телефон тұтқасын ешкім көтермеді.
Порттың ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, порттың қазіргі жетекшісі 2017 жылы тағайындалған.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтау теңіз порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында бірнеше халықаралық көлік дәлізінің қиылысында орналасқан және Иран, Түркия, Ресей және Әзербайжан бағытында шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай жылына 12 ай және тәулігіне 24 сағат жүк тасымалын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Түрікменстанмен де біршама жүк айналымы бар.
Мәскеуде украиналық дронның бөлшектері тұрғын үйге құлады

Бейсенбіге қараған түні Ресей әскері атып түсірген украиналық дронның бөлшектері Мәскеудің оңтүстігіндегі үйлердің бірін бүлдірді. Бұл жөнінде Мәскеу мэрі Сергей Собянин хабарлады. Оның сөзінше, ешкім зардап шекпеген.
Мәскеу облысының Одинцово қаласында тұрғын үйлер төбесінде тағы бір дрон атып түсірілген. Оның бөлшектері де үй ауласына құлаған. Тұрақтағы бір көлік бүлінді деп жазды "Осторожно, новости" басылымы.
Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сәрсенбі кештен бастап, бейсенбі таңертеңге дейін әуе қорғаныс жүйесі Украина аумағынан жіберілген 48 соққы дронын атып түсірген. Олардың жалпы саны айтылмайды, қанша әскери нысанға түскені де белгісіз.
Қарағандыда “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыпталған төрт белсенді аштық жариялағаны хабарланды

Қарағандыда “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыпталған төрт белсенді аштық жариялады. Мұны аты-жөнін атаудан бас тартқан қамалған белсенділердің бірінің әйелі Азаттыққа хабарлады.
“Мен мұны сол қамау орнынан шыққан адамдардан естідім. Бірақ олар кейін өздерінің телефондарын бұғаттап тастады. Бізге шағын қағаз беріп жіберді. Онда Ерлан Кенешбаевтың құрғақ аштық, қалған үшеуі сулы аштық жариялағаны жазылған” деді ол.
Белсенділер сот қаулысымен келіспей отыр.
Қарағандының Шахтинск ауданындағы қамау орнының бастығы өзін Дусжанов деп таныстырған адам белсенділердің сот қаулысымен келіспей отырғанын растады, бірақ аштық жариялау жөнінде ешқандай арыз түспегенін айтты.
“Олардың барлығы су, шәй ішіп отыр. Камерада видеосы бар. Аштық жариялайтыны жөнінде ешқандай өтініш түсірген жоқ. Бірақ қаулымен келіспейді. Бізде мұнда фельдшерлер бар, олар қарайды. Егер адам қатты сырқаттанса, бірден жедел жәрдем шақырылады” деді ол.
23 мамырда Қарағандыда елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге арналған құрылтай өтуі керек болған еді. Осы шара қарсаңында бірнеше белсендінің ұсталғаны белгілі болды. Қарағандыда ұсталғандардың арасында қызылордалық Мұратбай Баймағамбетов, семейлік Ерлан Кенешбаев та бар.
Ерлан Кенешбаев өткен аптада Азаттыққа аталған құрылтайда саяси тұтқындарды босату, Қытаймен визасыз режимді алып тастау, жер қойнауын қазуды тоқтату сияқты түрлі талаптарды талқыламақ болғанын айтқан еді. Алайда шара қарсаңында бірнеше белсенді ұсталып, жоспарланған шара өтпей қалған. Оның сөзінше, бұған дейін осыған ұқсас құрылтай Шымкент пен Қызылордада өткен.
Өткен аптада Азаттық бірнеше қарағандылық белсенділік әкімшілік қамауға алынғанын жазған.
Ресей Украинаға 2 маусымда Стамбұлда кездесуді ұсынды

Ресей Украинаға келіссөздің екінші кезеңін 2 маусымда Стамбұлда өткізуді ұсынды. Бұл жөнінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың мәлімдемесінде жазылған.
Оның сөзінше, Ресей жағы Украинамен бейбіт келісім туралы меморандум әзірлеген. Оны Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский таныстырады. Бұған дейінгі кездесу кезінде екі елдің делегациясы атысты тоқтату бойынша тараптардың шарттары жазылған құжатты әзірлеуге келіскен еді.
Украинаның қорғаныс министрі Рустем Умеровтің айтуынша, Ресей делегациясына Украинаның ұстанымы жазылған құжат тапсырылған және олардан соған ұқсас құжат күтеді.
Оның сөзінше, Ресей ондай меморандумды тұтқын алмасудан кейін беруге уәде берген. Тұтқын алмасудың соңғы кезеңі 25 мамырда аяқталған.
"Біз Украинаның атысты тоқтатуға және дипломатиялық қадамдарға дайындығын растаймыз. Біз ресейліктермен кездесуге қарсы емеспіз және кездесу босқа өтпес үшін және шын мәнінде соғыстың аяқталуын жақындатуы үшін олардан "меморандум" күтеміз", - деді Умеров. Ол Ресейді "уәдесін орындауға" шақырды.
Ол сонымен бірге Ресейді бейбітшілік процесін созбалақтап отыр деп те айыптады.
- 16 мамырда Стамбұлда Ресей мен Украина делегациялары үш жылда алғаш рет тіке келіссөз өткізген. Соның нәтижесінде тараптар "1000-ға 1000" форматында тұтқын алмасты. Мединскийдің сөзінше, Киев Ресей мен Украина президенттерінің тіке келіссөзін өткізуді ұсынған.
Ақтау соты блогер Азамат Сәрсенбаевты 20 тәулікке қамады

Ақтау қалалық соты блогер Азамат Сәрсенбаевты 20 тәулікке қамады. Сот оны жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі туралы "қасақана жалған ақпарат таратты" деп кінәлі таныған.
"Бұл бассыздық!... Атқару билігіне қарсы сөз айтқан кез келген адам енді түрмеге отыруы мүмкін. Әкімдік, полицейлер, антикор туралы айтқан кез келген адамның түрмеге қамалмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл өте қауіпті" деді блогер әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін блогер Ақтаудағы қоғамдық тамақтану орындарының біріне жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері “қолдау көрсетеді” деп пост жариялаған еді. Ол аялдама орнына “донер сататын орын” салынғанын айтқан.
Сәуірдің соңында блогер Маңғыстау облыстық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өзіне қарсы шағым түсіргенін айтқан.
Tengrinews жазуынша, 30 сәуір күнгі брифинг кезінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров блогер таратқан ақпарат “шындыққа сәйкес келмейді” деп мәлімдеген.
Былтыр жыл соңында Ақтауда ұшақ апаты болған кезде оқиға орнынан түсірілген суреттер жариялаған блогер Азамат Сәрсенбаев 10 күнге қамалған болатын.
Путин соғысты аяқтау үшін төрт шарт ұсынған - Reuters

Ресей президенті Владимир Путин соғысты аяқтау үшін Батыс елдерінен НАТО шығысқа қарай кеңеймейді деген "кепілдеме" алуды қалайды. Бұл туралы Reuters Кремльдің ұстанымымен таныс дереккөздеріне сілтеп жазды.
Путиннің шартында мына төрт талап бар:
- Украинаның НАТО-ға қосылмайтыны жөніндегі кепілдік. Путин НАТО шығысқа қарай кеңеймейтінін құжатпен бекіткісі келеді. Яғни, Украина, Грузия, Молдова альянсқа кірмеуі тиіс дейді.
- Украинаның бейтарап статусын мойындау. Путин Украина әскери одақтардан бас тартып, бейтарап статусын бекітуі керек дейді.
- Санкцияларды ішінара алу және Ресейдің активтерін бұғаттан босату.
- Украинадағы орыс тілді халықты қорғау. Путин Украинадағы орыс тілді халықтың құқығын қорғайтын кепілдікті де талап етеді.
"Путин бейбітшілік келісіміне дайын, бірақ өз шарттарымен" дейді дереккөз Reuters агенттігіне.
Путин өз шарты орындалмаса украиналықтар мен еуропалықтарға "бейбітшілікке келу бұдан да қиын болатынын дәлелдегісі келеді" дейді тағы бір дереккөз.
Агенттіктің дереккөздерге сілтеп жазуынша, Кремль санкцияларға қарамастан бірнеше жыл соғыса аламыз деп санайды және Путин майданда тактикалық мүмкіндіктерді пайдаланып, Украинаның аймағына тереңдей бергісі келеді.
Тағы бір дереккөз "Путин ұстанымын қатайтты. Территория бойынша компромиске дайын емес, яғни Украинада оккупацияланған төрт облысты Ресей бақылауы керек деп санайды" дейді.
Jusan Bank атауын өзгертеді

Jusan Bank атауын өзгертеді деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
"First Heartland Jusan Bank" АҚ атауын "Alatau City Bank" АҚ деп өзгертеді. Акционерлердің 15 мамырдағы жалпы отырысында тиісті шешім банктің жарғысына енгізілді" деп жазылған банктің хабарламасында.
Хабарламада банктің "мемлекет пен клиенттері және серіктестері алдындағы міндеттемелері сол күйі қала беретіні", ребрендинг "қызмет көрсету сапасы мен өнімге әсер етпейтіні" жазылған.
Қаржы ұйымының айтуынша, құжаттарда банктің атауы ол қайта тіркеуден өткеннен кейін өзгереді.
Ақпаратқа қарағанда, Jusan Bank қазір акционерді ауыстыру мәселесі бойынша қаржы нарығын реттеу агенттігінің шешімін күтіп отыр.
Бұған дейін кәсіпкер, Kaspi акционерлерінің бірі Вячеслав Ким (Forbes оны Қазақстандағы ең бай адам деп атап, байлығын 7,1 миллиард долларға бағалаған) агенттікке Jusan Bank-тің жәй акцияларының 97,5% сатып алу туралы өтініш берген. Бұл жөнінде биыл ақпан айында белгілі болды. 2025 жылдың 1 сәуір күнгі жағдай бойынша банкке тіке (20,11%) және First Heartland Securities (79,89%) арқылы кәсіпкер Ғалымжан Есенов иелік етеді. Forbes журналы құрастырған ең бай қазақстандықтардың тізімінде ол 19-орында тұр.
Мәжіліс некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын түзетулерді мақұлдады

28 мамырда парламенттің төменгі палатасы некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын түзетулерді қарап, екінші оқылымда мақұлдады.
Депутаттар Қылмыстық кодексті жаңа бап – "Некеге мәжбүрлеу" 125-1 бабымен толықтыруды ұсынды. Бастапқыда жобада қыз алып қашу ұғымы қарастырылса, қазір оның орнына "Некеге мәжбүрлеу" ұғымы қолданылып жүр. Жәбірленуші әйел адам да, ер адам да болуы мүмкін.
Түзетулерге сәйкес, мұндай қылмыс түрін жасағандарға айыппұл, қоғамдық жұмыс, бостандықты шектеу, сонымен бірге 2 жылға дейін бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер күш қолданылған жағдайда және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасалса немесе топ болып жасалғаны анықталса немесе қызметтік өкілетті пайдаланылғаны дәлелденсе, түрме жазасы 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Ұрланған адамды өз ерікпен босату да кінәліні қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
Ал сталкинг бойынша ең жоғарғы жаза – 50 тәулікке қамау.
"[Сталкинг үшін] Айыппұл қарастырылған және ең жоғарғы жаза 50 тәулікке қамау. Бұл қылмысқа емес, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты. Оны құқық қорғау органдары дәлелдейді, жәбірленуші арызбен ішкі істер органдарына хабарласса болғаны, содан кейін полиция тергеу жүргізеді" деді мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Былтыр желтоқсанда мәжілісте депутаттар қыз алып қашу мәселесін талқылап, 2023 жылы 13 қызды алып қашқан, 2024 жылғы сегіз айда Түркістан облысында осындай 18 оқиға болған деп айтқан еді.
Қазақстанда қызды еркінен тыс алып қашуға байланысты іс-әрекеттер "Адам ұрлау" бабы бойынша сараланады, ал құқық қорғаушылар мен фем-белсенділер сталкинг деп сипаттайтын іс-әрекеттер бойынша полицияға арыз берілсе, көбіне "ұсақ бұзақылық" ретінде қарастырылады.
Қазақстанда некеге отыру үшін қызды еркінен тыс алып қашқандар мен сталкинг бойынша ресми статистика жүргізілмейді.
Politico: АҚШ студенттік виза алу кезіндегі сұхбаттасуды тоқтатады

Дональд Трамп әкімшілігі студенттік виза алу кезіндегі жаңа сұхбаттасуларды тоқтатуға бұйрық берді. Әкімшілік виза алушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларын тексеруді кеңейтуді қарастырып жатыр деп жазды құжатқа сүйенген Politico басылымы. Аталған дипломатиялық депешаны АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ-тың әлем елдеріндегі елшіліктеріне таратқан.
Дегенмен әлеуметтік желіні тексеру қандай мақсатта жүргізілетіні белгісіз. Politico-ның жазуынша, егер Трамп әкімшілігі аталған жоспарды жүзеге асырса, бұл студенттік визаларды қарастыру мерзімін бәсеңдетуі мүмкін және қаржылай жағынан шетел студенттеріне тәуелді көп университетке әсер етуі ықтимал.
Әкімшілік бұған дейін де әлеуметтік желіні тексеру бойынша белгілі бір талаптарды енгізген. Алайда ол көбіне Израильдің Газа секторындағы әрекетке қарсы наразылық шараларына қатысқан АҚШ-қа оралған студенттерге қатысты болған.
Әкімшілік сонымен бірге Гарвард сияқты ірі элиталық университеттерге бақылауды күшейту қадамдарын қарастырып жатыр. Трамп әкімшілігінің пікірінше, олар "тым еркінсіп", өзінің кампустарында антисемитизмге жол береді. Бұған қоса, көші-қонды бақылау шаралары да күшейген, оның аясында кейбір шетел студенттері ұсталған.
ПІКІРЛЕР