2025-2026 оқу жылынан бастап 8-сыныпты үздік бітірген 60 оқушы жаңа мектепке оқуға қабылданып, әлемдегі Гарвард, Йель, Колумбия, Оксфорд сынды ең үздік 10 жоғары оқу орнына түсуді көздейтін дайындықтан өтетін болады. Алайда білім беру саласы сарапшылары бұл бастама осы саладағы қордаланған мәселелерді шешудің орнына, білімдегі жіктелуді күшейтеді деген пікірде.
Әлемнің үздік университеттеріне оқуға түсуге даярлық
15 мамырда мектептегі білім беру мәселелеріне арналған кеңесте президент Шавкат Мирзияев шетелде білім алатын өзбек жастары арасында әлемнің үздік университеттерінде оқып жүргендері сирек деп мәлімдеді. Оның сөзінше, шетелде оқитын өзбек студенттерінің тек бір пайызы ғана әлемдегі алдыңғы қатарлы 100 университеттің бірінде білім алып жатыр.
Мемлекет басшысы егер жүйелі қолдау көрсетілсе және оқу орындары дұрыс таңдап алынса, бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсаруы мүмкін екенін айтты:
"Жастарымыз өте дарынды. Егер біз оларды жүйелі түрде бағыттап, университетті дұрыс таңдауға көмектесіп, мақсатты түрде даярласақ, көрсеткішіміз бірнеше есе артар еді", – деді Мирзияев.
Сондықтан "Президенттік дарынды балалар" ұлттық бағдарламасы мен "Гарвардшылар мектебін" ашу жөніндегі жарлыққа қол қойдым деп мәлімдеді президент. Жаңа мектеп әл-Бируни атындағы халықаралық мектеп-интернат ретінде ерекше мәртебеге ие болмақ.
2025-2026 оқу жылынан бастап 8-сыныпты үздік аяқтаған 60 оқушыны арнайы іріктеп алып, оларды Гарвард, Йель, Колумбия және Корнелл университеттері сынды жоғары оқу орнына түсуге дайындау көзделіп отыр.
Жаңа мектепте оқушылар ағылшын тілімен қоса тағы бір шет тілін меңгереді, олар пәндер мен модульдерді өздері таңдай алады.
Бұған қоса, әр оқушымен жеке жұмыс жүргізіледі: 8 оқушыға бір мұғалім, ал 15 шәкіртке бір кеңесшіден бекітіледі. Жаңа мектепке барлығы 180 оқушы қабылданбақ.
Мектепті бітірген түлектерге мемлекеттік үлгідегі аттестатқа қоса халықаралық білім беру бағдарламасының (International Baccalaureate) дипломы табыс етіледі. Бұл оларға шетелдегі жетекші университеттерге оқуға түсуге мүмкіндік береді.
Жаңа мектеп кампусын 2026 жылы салу жоспарланып отыр.
Мирзияевтің президенттік мектептері
Айта кетер жайт, бұл Өзбекстан президентінің білім саласындағы алғашқы бастамасы емес. Шавкат Мирзияев билікке келген соң, елдің жалпы білім беру жүйесіне "Президенттік мектептер" атты жаңа құрылым енгізген.
15 мамырда өткен кеңесте Өзбекстанда 2019 жылдан бастап жаңадан ашылған немесе "Президенттік мектептер" бағдарламасы аясында жұмыс істейтін мектеп саны қазір 1500-ден асты деген ақпарат айтылды.
Президенттік мектепке емтиханнан сүрінбей өткен оқушылар іріктеп алынады.
Сарапшылар мұндай жүйе білім беру саласында жіктелу мен жемқорлыққа апарып соғатынын бірнеше рет ескерткен.
"Қайдағы бір "білім беру мәселелері жөніндегі селекторлар" мені алаңдатады деп бұған дейін жазған едім. Себебі ондай "селекторлар" биік мінберден айтылған, ғылыми негізі жоқ, нәтижесіз ұсыныстарды заңдастыруға жол ашуы мүмкін. Дамыған елдердің ешбірінде адами капиталды орта білім жүйесін стратификация, яғни оқушыларды "дарынды я дарынды емес" деп жіктеп, әртүрлі мүмкіндіктер беру арқылы арттыратын тәжірибе жоқ. Халықаралық зерттеулер, мысалы PISA, білім беру жүйесінің табысты болуының маңызды ерекшеліктерінің бірі – сапалы білім алуға баршаға тең мүмкіндік жасау деп көрсеткен", – деп жазды білім саласының сарапшысы Комил Жалилов Telegram парақшасында.
Бұған қоса, Өзбекстанда президенттік мектептегі оқушыға жасалған жағдай мен мұғалімге төленетін жалақы мөлшері қатардағы мектеппен салыстырғанда тым алшақ екенін жұрт талай рет сынға алған. Бұл екі мектепке де қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінеді.
15 мамырдағы кеңесте президент Мирзияев елде 60 мың мұғалім ай сайын 8 миллион сумнан 12 миллион сумға дейінгі [шамамен 615-750 доллар] мөлшерде жалақы алатынын айтты.
Мемлекеттік статистика агенттігінің дерегінше, 2024-2025 оқу жылының басында Өзбекстандағы жалпы білім беретін мектептерде (орынбасарларды қоспағанда) 565 мың мұғалім жұмыс істеп жүр. Демек, ресми мәліметке сүйенсек, елдегі әрбір тоғызыншы мұғалім 8-12 миллион сум шамасында айлық алады деген сөз.
2024 жылы Өзбекстандағы мұғалімнің орташа жалақысы 3,4 миллион сумға (260 доллар) тең, яғни 2023 жылмен салыстырғанда 13,3% артқан деген дерек айтылған. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 4 миллион 44 мың сумға (310 доллар) жетті.
Президенттік мектеп мұғалімдерінің айлық жалақысы қанша екені туралы ақпарат ашық дереккөздерде жоқ.
Мектеп мұғалімдерінің мардымсыз жалақысы – президент Мирзияев селекторлық кеңестерде жиі көтеретін негізгі мәселердің бірі. 2019 жылы ол өзбек мұғалімдерінің жалақысын 1000 долларға дейін көтеруге ниетті екенін айтқан еді.
Алайда 2024 жылдың тамызында мектепке дейінгі және мектептегі білім беру министрлігінің жұмыс қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында вице-министр Тимур Комилов барлық мұғалімге 1000 доллар жалақы беру – утопия деп мәлімдеген.
Қолдан жақсартылған көрсеткіш
Жақында әлеуметтік желілердің өзбек сегментінде 15 жастағы оқушылардың білім сапасын тест алу жолымен бағалауға бағытталған PISA халықаралық зерттеуіне (The Programme for International Student Assessment) Өзбекстанның қатысуына қатысты қызу пікірталас туды.
Желі қолданушылар үкіметті мектептерді жіктей отырып, жалпы білім беру сапасы көрсеткішін қолдан жақсартуға тырысып жатыр деп айыптады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) үш жыл сайын жүргізетін PISA халықаралық зерттеуіне Өзбекстан осымен екінші рет қатысты. Алғаш рет 2022 жылы қатысқанда білім көрсеткіші төмен болған: өзбек оқушылары 81 елдің ішінде 72-орын (математика) және 80-орын (жаратылыстану және оқу сауаттылығы) алған.
2025 жылғы тестілеуге елдегі 233 мектептен 8800 оқушы қатысты . Бірақ қоғам белсенділері мектептері таңдаған кезде репрезентативтік принцип бұзылғанына назар аударды.
Білім саласының сарапшысы Шокир Турсун өз Telegram-каналында биылғы зерттеуге барлық президенттік мектептер қатысқан деп хабарлады .
"Бұл – орташа баллды жасанды түрде көтеруге талпыныс болды. Қарапайым тілмен айтқанда – алаяқтық. "Мұнда қандай алаяқтық бар?" деп сұрауыңыз мүмкін. Бұл мектептер үздік оқушыларды оқытады, олардың нәтижесі жоғары болып шығуы бек мүмкін, бірақ олар ел оқушыларының тек 1% болады. Бұл зерттеудің репрезентативтік принципіне – елдегі нақты жағдайды көрсететін топты таңдау шартына қайшы. Көрсеткішті қолдан жақсартып, өз-өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ұқсам бұйырмасын. Одан да таңқаларлығы – ЭЫДҰ бұған қалай жол беріп отыр? Әлде біздің түгел ақпаратымыз жалған ба?" – деп жазды сарапшы.
Айта кетсек, биыл қаңтар айында Xalqtalimi.info сайты PISA-зерттеуіне 17 президенттік және арнаулы, оған қоса 4 жеке мектеп қатысады деп хабарлаған .
Турсуновтың жазбасына жауап ретінде министр Хилола Умарова X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парағына PISA зерттеуіне 233 мектеп кездейсоқ таңдау әдісімен іріктеліп алынды деп жазды :
"Министрлік мектептерді таңдап алу процесіне мүлде араласпайды, ол шаруамен ЭЫДҰ айналысады. Бізге көзбояу емес, шынайы талдау мен нәтиже керек", – деді министр.
Алайда Білім беруді дамытудың республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметкері Рашид Тожибоев PISA зерттеуіне президенттік және арнаулы мектептердің қатысуы ұлттық көрсеткіштерге елеулі әсер етпейді деп есептейді .
"Статистикаға сәйкес, президенттік мектептердің оқушылары барлық қатысушылардың 3,8% ғана. Тіпті олардың бәрі PISA сынағының ең жоғарғы 6-деңгейіне жеткен күннің өзінде бұл ұлттық көрсеткішті небәрі 15 баллға арттырады. Ал жүйенің жалпы көрсеткішін өзгертуге бұл жеткіліксіз. Шын мәнінде 6-деңгейге жету оңай емес: тіпті Назарбаев мектептерінің оқушылары ең жақсы жағдай болған кезде де жаппай бұл деңгейге жетпеген", – деп жазды Тожибоев.
Өзбекстанда 11 мыңға жуық орта мектеп бар. Былтырғы оқу жылында оларда жиынтығы 6,5 миллионға жуық оқушы тіркелген.
Сарапшылар үкімет ел мектептеріндегі орын мен оқулық тапшылығы, білікті мұғалімдер жетіспейтіні сияқты іргелі мәселелерді жылдар бойы шеше алмай келе жатқанын айтады.
ПІКІРЛЕР